Жұмабек Тәшенев есімі қазақ жерінің тұтастығымен тығыз байланысты
Ол Хрущевтің отарлау саясатына қарсы тұрған ірі қайраткер. 1950-1956 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға беруге, Солтүстік облыстарды Ресейге қосуды тоқтатты.
Сейітқали Дүйсен, мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Тек қана Ж. Тәшеновтің ірі ерлігімен ғана шектелуге болмайды. Ол кісі еліміздің экономикасының дамуына, мәдениетінің дамуына, халықтың рухани дамуына үлкен үлес қосқан адам. Мысалы, келесі бір ерлігі —қазақ әдебиеті газетін сақтап қалғандығы. Одан кейін қазіргі «Егемен Қазақстан» ол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталады. Сол газетті қосып «Казахстанская правдамен» орыс тілінде шығатын етіп, оны тек аудармасы ғана қазақша ету мәселесін көтерген.
Ол хан болса, қара болса да ешнәрседен қаймықпай, шындықты шырылдатып айтқан қайраткер. Ел мүддесі жолында ешқашан жалтақтаған емес.
Әсия Әйтенова, тарихшы:
- 1959 жылы Кеңес делегациясымен ол Қытайға барды. Қытайлықтар марксизм және ленинизм теориясы бойынша көптеген сұрақтар қойды. Сол кезде Жұмабек Тәшенов қытайлықтарға: жолдастар, біз сіздің мерейтойға келдік, сізденрдің алдарыңызда емтихан тапсыруға келген жоқпыз деп кесіп айтқаны бар.
Жұмабек Тәшенов 1915 жылы наурыз айында Ақмола облысы Танагүл ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы жалпы ұжымдастыру кезімен тұспа-тұс келді. Сондай қиын кезеңге қарамастан ол білімге, оқуға өте құштар болды.
Александр Силкин, Жұмабек Тәшеновтің немересі:
- Оның оқығаны есімде, бұл мен үшін өте қызық болатын. Газет пен журналдарды қалай оқыды десеңізші. Өзінің кабинетіне қамалып алатын. Сөз сөйлегендей қатты дыбыстап оқитын. Мен есікті сәл ашып, ақырын қарап тұратынмын.
Ол теміржол техникумын, содан кейін Жоғары партия мектебін бітірді. Әр жылдары Жоғарғы Кеңес Президиумының, ұлттық Парламенттің және Министрлер Кеңесінің төрағасы болды.
Александр Силкин, Жұмабек Тәшеновтің немересі:
- Ол немерелерін қатты еркелетті. Атамның 5 немересі болды. Балалар оның үйіне барғанда еркін жүретін. Атамның үлкен бастық екені, жүрегінің түгі бар екені бала болсақ та бізге сезілетін. Оның бізге бір ғана тыйымы болды, ол атам демалып жатқанда мазасын алмау.
Жұмабек Тәшенев есімі қазақ жерінің тұтастығымен тығыз байланысты. Ол еліміз әлемнің жетекші астық экспорттаушы державаларының қатарына кіруге де зор үлес қосқан. Патшалық үкімет ауыз бастырық ретінде қызмет ұсынса да бас тартты. Сары алтындай Сарыарқа, сар даланы солайша қорғап қалды. Ер Жұмабек есімін ұлықтау, ұмытпау бізге парыз.
Сейітқали Дүйсен, мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Астанада ескерткіштер ашылды. Шымкентте де ашылды. Бірқатар облыстарда Ж. Тәшенов атындағы мектептер де бар. Тек мәселе соны насихаттау. Ж. Тәшеновтің еңбегін, өмірін халқына қалтқысыз жасаған қызметін жас ұрпаққа жеткізе білу. Ол телевизия, радио, мектептегі жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмыстары арқылы жүргізілуі тиіс.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Қиямет-қайым күндерде батылдығымен жерді, елді қорғап қалған қайраткер ғұмырының соңын ғылымға арнады. Ол ешқашан да сырын, сынын жоғалпай, арғымақ ғұмыр кешкен қазақтың асыл перзенті. Тарих оған қарыздар.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Таир Мерекенов