Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттермен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын
Мұндай жиын — екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі дәстүр. Президент: «Біз ашық экономика қағидатына берік болып қала береміз», — деді. Бүгінде әлемнің 180 елімен сауда жасаймыз. Шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40% өскен. Қазақстан алдағы уақытта да осы көрсеткішті жақсартуға, сондай-ақ инвесторларды қабылдауға дайын. Мемлекет басшысы аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталды. Өз сөзінде: «Еліміз әрқашан конструктивті сыртқы саясат ұстанады», — деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз сіздердің елдеріңізбен және ұйымдарыңызбен Қазақстан арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарды тұрақты нығайтуға ұмтылуымыз керек. Осы ретте кәсіби көмектеріңіз бен бірлескен күш-жігеріміз маңызды. Сіздердің барлық конструктивті бастамаларыңызға менің Әкімшілігім мен Қазақстан Үкіметі тарапынан лайықты жауап беріліп, қолдау көрсетілетініне сенімді болыңыздар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесіне арнайы тоқталды. Біз жыл сайын 5 млн тоннадан астам бидай мен 1,5 млн тонна ұн экспорттаймыз. Әлемнің ең ірі он астық экспорттаушы елдер қатарына кіреміз. Көлік-логистика саласындағы әлеуетіміз де айтарлықтай жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазіргі уақытта Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80% астамы біздің еліміз арқылы өтеді. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-н 15% өсуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстан қазірдің өзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызы артып келеді.