Тоқаев жұмыс сапарымен Ереванға барды
Жиын барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланып, ұйымның сессияаралық қорытындысы жасалады деп жоспарланған. Сондай-ақ Армения мен Әзербайжан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы ахуалды тұрақтандыру жолдары қарастырылады. Кеңесте Қазақстан Президентімен қоса ұйымға мүше Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Ресей мен Беларусь басшылары бар. Алтылық әуелі шағын құрамда жабық фоматта сөйлесті. Айта кету керек, Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде қайта сайланғаннан кейін шетелге жасаған алғашқы жұмыс сапары. Шағын құрамда өткен жиын басында әріптестері мемлекет басшысын жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ Ұйымның жаңа бас хатшылығына қазақстандық Иманғали Тасмағамбетов ұсынылғанын айтты.
Никол Пашинян, Армения Премьер-министрі:
-Осы жағдайды пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қайта сайлануымен құттықтаймын. Сондай-ақ үш жыл бойы ұйымның бас хатшысы қызметін атқарған Станиславь Зась биыл өз қызметін аяқтайды. Үлкен алғыс айтамын. Келер жылдан бастап үш жыл бойы бұл мендетті Қазақстандық Иманғали Тасмағамбетов атқарады.
Мемлекет басшыларының бас қосуы алдында ұйымға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері мен Қауіпсіздік кеңесінің басшылары жиын өткізді. Ұйымның бас хатшысы Станислав Засьтың айтуынша 20-дан астам құжатқа қол қойылады. Барлығы ұйымның ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге бағытталған.
Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
-Армения мен Әзербайжан шекарасында күнде атыс болып жатыр. Осыған қатысты ұйым бірнеше рет жиын өткізді. Соның нәтижесінде Арменияға көмек көрсетудің жобасы мақұлданды. Ол Ұжымдық қауіпсіздік және шарт ұйымының мониторингтік миссиясының ұсынысы негізінде жасалды. Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы ахуалды тұрақтандыруға да үлкен мән беріп жатырмыз. Бізде екі мемлекеттің ортақ мәмілеге келуіне ықпал ететін мүмкіндігі де тәжірибесі де бар.