Елдегі кәріздік-тазарту нысандарының 60% тозған
Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды. Әсіресе Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалықтағы кәріз тазарту жүйесінің жағдайы мәз емес. Оның үстіне қалдық судың көлемі де жыл сайын көбейіп барады. Оны тазарту қиынға соғып отыр. Резервуарлар шамадан тыс толып кетіп, содан лас суды өзен-көлдерге ағызуға тура келеді. Енді түйткілді мәселені шешу үшін 2028 жылға дейін республиканың 68 қаласында кәріз-тазарту құрлыстарын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ кәріз тарифіне қатысты мәселе де айтылды.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Астана қаласында кәріздің тарифі 10-11% өсуі мүмкін. Себебі елордада тұрғын саны млн-нан асады, тиісінше қалдық су да көп. Ал шағын қалалардың кәріздік жүйесін жаңғыртуға қаржы бюджеттен бөлінеді. Себебі тұрғыны аз шаһарларда тариф өсіру мүмкін емес. Халықтың қалтасын қағады. Бір ай ішінде әр қала бойынша бағдарлама мен жол картасы әзірленеді.