Сенат еңбек дауларын реттеу туралы заңды мақұлдады
Соңғы кезде бұл мәселе өткір болып тұр. Тек былтырдың өзінде еліміз бойынша 260 тәуекелді жағдай туындап, оның 50-і ереуіл ретінде тіркелген. Қаралған құжатта тараптардың әрекеті айшықталды. Егер де жұмысшылар бір мәселемен келіспесе, ең алдымен басшылыққа өзінің талаптарын ашық айтуы керек. Мұндай 1 сағаттық бейбіт жиналысқа 50 қызметкерге дейін қатысуына болады. Сәйкесінше, жауапты тарап айтылған уәждерді қабылдай отырып, ол бойынша 5 күннен кешіктірмей шешім шығаруы тиіс.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуласу комиссияларының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз.