«AMANAT» партиясының өкілдері кеншілермен кездесті
«AMANAT» партиясының сайлауалды штабы Қарағанды облысының тұрғындарымен жүздесті. Теміртауда партиялықтар экологтар және кәсіпорындардың өкілдерімен жүздесіп, өңірдің экологиялық ахуалын талқылады. Ал Костенко атындағы шахтада штаб мүшелері көмір өндірушілер мен металлургтердің басын қосып, еңбек жағдайларын, жұмыс берушінің жауапкершілігін және өндірістегі қауіпсіздік мәселелері жайлы пікір алмасты. Сайлауалды науқан аясында партия өкілдері облыстағы қандастармен, дәрігерлермен, фермерлермен де кездесу өткізді. Бұдан соң партиялықтар Қарағанды қаласындағы «Сұрыптау» теміржол станциясының еңбек ұжымымен көлік және логистика саласындағы мәселелерді талқылады.
Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Экология – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Теміртау тұрғындары үшін бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан біз осы өңірдегі алғашқы кездесуді қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арнадық.