Хабар телеарнасы

ШҚО-да қар көшкіні қауіпі сейілер емес

Күні кеше Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын бағытындағы тау беткейінде қар сырғып, Республикалық жолды басып қалды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін, «Қазселден қорғау мекемесі» жарылыс жасап, қарды төмен түсіріп жатыр.

Ақтөбе көшелерінен 17 мың текше метр еріген қар суы сорылды. 2 шақырымнан астам арық тазартылды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері су басу қауіпі бар аудандарды аралап, көктен бақылап қайтты. Тұрғындарды Жіңішке өзені мен Көлтабан бөгеттеріндегі ахуал алаңдатып отыр. Күн күрт жылығанымен, әзірге сең көше қоймаған. Сазды және Тамды өзендері де мұз құрсауында. Бұған дейін Байғанин ауданындағы Қарауылкелді-Оймауыт автожолының 63-ші шақырымын су шайып, үш ауылмен байланыс үзілген болатын. Қазір жағдай тұрақты. 

Құмар Тұрмағамбетов, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
-Сағыз өзенінің деңгейі түскеннен кейін қалпына келтірілетін болады жол қызметтерімен. Облыс бойынша бүгінгі күнге жағдай тұрақты. Ауа райына байланысты қазір өздеріңіз көріп отырсыздар түнгі температура минус болып тұр. Осыған байланысты қазір барлық жерде жағдай қалыпты.

БҚО-да 138 елді мекен бақылауға алынды Елді мекендерден 300 мың текше метр қар шығарылып, каналдар тазартылған. Әйткенмен, су басу қаупі сейілмей тұр. Өлеңті, Жымпиты, Шыңғырлау және Деркөл өзендерінің су деңгейі арнасынан асып кетуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Аудандарға көмекке баратын қосымша жедел топтар жасақталған. 280 оқшаулау пункті дайын.