Сайлау 2023: байқаушылар баға берді
Дауыс беру кезінде кедергілер мен қиындықтар болмады. Сайлау учаскелерінің бәрі жауапкершілікпен жұмыс істеді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы парламенттік ассамблея миссиясының өкілдері осылай деді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының өкілдері де Қазақстандағы сайлау ашық әрі әділ өтті деп бағалады.
Ұйым байқаушылары еліміздің саяси жүйені демократияландыру жолында елеулі қадам жасап жатқанын атап өтті. ТМД елдерінен келген 200-ге жуық байқаушы да саяси науқанның сайлау заңына сай өткенін айтты. Бас сұққан әр сайлау учаскесінде жағдаймен жіті танысуға кедергі болған жоқ дейді олар. Түркі мемлекеттері ұйымы атынан келген байқаушылар да Қазақстандағы сайлауға оң бағасын берді.
Сади Джафаров, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:
-Учаскелердің ашылуы ұлттық заңнама талаптарына сәйкес іске асырылды. Жалпы біздің миссия 32 сайлау учаскесіне барды. Біз тиісті мониторинг жүргіздік және оның барысында елеулі кемшіліктер болған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті.