Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасымен кездесті

Ресейге жасаған ресми сапары аясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Мәулен Әшімбаев ресейлік әріптесіне Мәжіліс сайлауына халықаралық байқаушы ретінде белсенді қатысып, саяси науқанды бағалағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол сапар барысында ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Бұдан бөлек, Мәулен Әшімбаев Мәскеуде ресейлік жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. Ол талантты, білімді жастар елімізді жаңғыртудың драйвері және Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды күштердің бірі болуға тиіс екенін айтты. Мәулен Әшімбаев жас мамандарды болашақта Сенат жанындағы заң жобаларын сараптауға арналған жобаларға қатысуға шақырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Кезінде 60-жылдары «Жас тұлпар» деген бірлестік болғанын естіген шығарсыздар. Ол жерде үлкен ағаларымыз, апаларымыз мүше болған. Белгілі жазушы-ғалым Мұрат Әуезов, ғалым-демограф Мақаш Тәтімов сияқты ағаларымыз болған. Басқа да үлкен азаматтар болды. Солар осында жүріп тек қана білім алмай, сонымен қатар еліміз туралы, еліміздің мәдениеті туралы, еліміздің дәстүрі туралы көптеген насихаттау жұмыстарын жүргізген. Сол себепті сіздер де сол ағаларыңыздан, апаларыңыздан үлгі алып, осында жүрген кезде оқумен қатар қазақ елін дәріптеуге өздеріңіздің үлестеріңізді қосасыздар деген сенімдемін.