Блогерлердің мәртебесін айқындау қажет
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы жақында пысықталып, Мәжілістің ашық талқылауына енгізілуі қажет. Себебі халыққа жалған ақпарат беруші блогерлер көбейіп кеткен. Бұл мәселені депутат Анас Баққожаев көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға сауал жолдады. Құжатта блогерлердің мәртебесін айқындап, жауапкершілік мәселесін де қаперге алған жөн дейді халық қалаулысы.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолымен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз.
Қырық жыл бұрын салынып, күрделі жөндеу көрмеген жолда өлім-жітім көбейіп барады. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Алматы облысының Райымбек ауданындағы жолдардың жағдайын айтып, Үкіметке сауал жолдады. Айтуынша, сапасыз жолдың салдарынан аудан экономикасы, халықтың тұрмыстық жағдайы да нашарлап барады. Шұрық-тесік жол бойындағы ауылдарға жедел-жәрдем көлігі де келмейді. «Егер Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жол мәселесі шешілетін болса, табиғаты әсем өлкеде туристік сала да дамып, аймақтың экономикасына да ілгері басатын еді», — дейді депутат.