Хабар телеарнасы

Президент Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Нурланбек Шакиевке ілтипат білдіре отырып, екі ел арасындағы қатынастарды дамыту және парламентаралық байланыстарды нығайту маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қырғызстан – Қазақстан үшін тату көрші, бауырлас мемлекет және стратегиялық серіктес, деп хабарлайды Ақорда

Кездесу барысында Мемлекет басшысы бүгінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын, оған үкіметаралық және парламентаралық деңгейдегі өзара іс-әрекет ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келе жатқанын және елдеріміз арасындағы тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты.

Президент қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көптеген бағытының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстан бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниетті екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Нурланбек Шакиев кездескені және қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді. Спикердің айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан барлық жағынан ең жақын елдер саналады және өзара түсіністік пен қолдауға негізделген жан-жақты ынтымақтастық тереңдеп келеді. Сонымен қатар ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентіне ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.