Бұдан былай заң жобасы мемлекеттік тілде жазылады - депутат
Мемлекет саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның бір көрінісі болса керек. Мұны біз осы аптада жазғы каникулға кеткен Парламенттен көріп отырмыз.
Ертеде ел аузында «нотариалдық контора» аталған депутаттар корпусы кейінгі уақытта өзгерді дей аламыз. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Қазір қоғамның сұранысы күшейді. Азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр» деді. Расында нәтижесін көрмек керек, әсерін сезбек керек сонда ғана сенім күшеймек. Аманат арқалаған бірқатар мандат иелері бұған дайынбыз деді. Олар жазда демалмаймыз, жатпай-тұрмай жұмыс істейміз деп отыр. Өздері сайланған, тұрғындар сеніп дауыс берген аймақтарға барып халықпен кездеспек, «ас ішіп, аяқ босатудан» алшақ боламыз дейді. Көреміз, ести де жатармыз.
Өз кезегінде бұл мәжіліс депутаттарына Әділетті Қазақстан да сенім білдірмек. Күз келгенде Премьер Смайылов айтқандай қысқа дайын емес біраз облысқа осы депутаттар әкім болап барып жатса қайран қалмайық. Өйткені сенім бар жерде нәтиже болады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Күзде біз Үкіметтен келетін еліміздің дамуы үшін маңызды, өте ауқымды бірнеше заң жобасын күтіп отырмыз. Мысалы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы. Біздің салынып жатқан үйлердің сапасы, жолдардың сапасы, жөндеудің сапасы, барлық мәселе осы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға байланысты. Қазір осы Заңның кемшілігінен қаншама проблема шешілмей жатыр.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасы 32 жыл бойы әуелі орыс тілінде жазылып келген. Сосын барып, қазақ тіліне аударылған. Бірақ енді біздің бастамамызбен келесі жылдан бастап Заң жобасы әуелі қазақ тілінде жазылатын болды. Бұл енді үлкен қуаныш деп те айтуға болады.