Хабар телеарнасы

Тоқаев: Бұл – тарихи шешім

Астана жылнамасына есімдері алтын әріппен жазылған әйгілі екі абызымыз бар. Әбіш Кекілбаев пен Оралхан Бөкеев.

1994 жылғы 6 шілде күні Парламент депутаттары ел ордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы сауалды қолдап дауыс берді. Парламент Төрағасы Әбіш Кекілбаев Қаулыға қол қойып, ұлы көшті бекітті. Сол себептен 6 шілде – Астана күні.

Ал одан екі жыл бұрын – 1992 жылы 27 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор Оралхан Бөкей Астананы Ақмолаға көшірейік деген үлкен мақала жариялады.

«Абылай хан мен Кенесары ханның ордасы болған қасиетті Қараөткел жерінде, Хан батыры Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай батыр кесенелері бар. Сарыарқа қазақтың кіндігі әрі жер ортасы» – деп жазылған сол мақалада.

Бас редактор Оралхан Бөкейдің ұйымдастыруымен апта сайын «Қазақ әдебиеті» газетінде зиялы қауым жеріміз бен елімізді қорғап-сақтаудың басты амалы – астанамызды Ақмолаға көшіру қажеттілік қағидасы деп бірауыздан қолдау білдірді.

Қаладағы қазақ саны сол жылдары 18-ақ пайыз болған. 25 жылда 81 процентке жеттік. Астана – қазақстандық өрлеу дәуірінің басы дедік. Халық ұлы көшті қолдады. Үкіметке салмақ салмай, өз қамын өздері жасады. Қазақ елі 21 ғасырда дүние-әлем жұртына ұялмай көрсете алатындай Ел ордасының туын тікті. Осы жылдар аралығында Астанада сан рет ғаламдық халықаралық жиындар өтті. Аптада да елордамызда бауырлас қалалар форумына Президентіміз қатысып, сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан, бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

«7 күн»