Бағдат Мусин: Интернетті үнемдеу керек
Күні кеше әкімдік астаналықтарға суды үнемдейік десе, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі интернетті үнемдеуге шақырды.
Сөйте тұра Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озғанын айтты. Бағдат Мусиннің сөзінше, халықаралық «Speedtest» рейтингі бойынша Астана 35 позицияға жоғары көтерілген. Алайда интернет сапасына байланысты елордалықтардан келіп түсер шағым азаяр емес. Ведомство басшысы: «Қалыптасқан ахуалға байланысты жыл соңына дейін байланыс операторларына 4 млрд теңге айыппұл салынады»,- деді.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Қазақстандықтар айына 15-20 гигабайт ақпарат тұтынып үйреніп қалғаны түсінікті. Бірақ үнемдейікші, мобильді интернет деген қымбат екенін түсінейік. Үйде болғанда Wi-Fi-ға қосылу керек. Үнемдеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.
Үкіметте ауылдарды дамыту мәселесі де сөз болды. Жыл соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 800 елді мекенде шамамен 2000 жоба жүзеге асырылмақ. Бұған 198 млрд теңге бөлінді. Әкімдіктер қаржының 4-тен бір бөлігін игеріп үлгерген. Алайда нысандардың мерзімінде пайдалануға берілмеуі әлі де өзекті мәселе. Премьер-Министр бұған жіті назар аударуды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану өте маңызды. Бір ауданда бірнеше жоба іске асырылып, басқа ауданда бірде-бір жоба іске асырылмайтын жағдайлар болмауы керек. 2027 жылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың барлығын өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне дейін жеткізу күтілуде.