Жасанды интеллект электронды үкімет жүйесіне енгізіледі
Қазақстанның электронды үкіметі жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Digital Almaty халықаралық форумында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Алтыншы рет өтіп отырған форум биыл «Болашақтың цифрлық эволюциясына» арналды. Халықаралық сарапшылар өнеркәсіптегі цифрлық трансформация мен түрлі салалардағы инновациялық жобаларды талқылады.
Биылғы Digital Almaty форумы бағдарламасының кеңдігімен ғана емес, тау-кен және металлургия, мұнай-газ секторы, өнеркәсіптік кәсіпорындарда цифрландырудың тиімділігін нақты кейстер арқылы ұсынуымен ерекше. Форум алаңы көлеңкеде қалған өндірістік стартаптарды талқылауға арналды. Себебі өндірісті автоматтандыру жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ел экономикасын дамытуға серпін бермек.
Елімізде сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі Smart Field – өндірістегі ресурсты үнемдеп қана қоймай, қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Өнеркәсіпті цифрландыру – бүгінгі күннің талабы. Ол экономиканың әртүрлі салаларын қамтыуы тиіс. Болашақта өндірістегі ІТ технологиялар барлық өндірістік процестерді басқару, тұтынушылармен қарым-қатынас және жалпы бизнеске деген көзқарасты қайта құрылымдайтын болады .
Форумда Бағдат Мусин мемлекеттік қызметтердің онлайн платформасына енгізілетін отандық жасанды интеллектті таныстырды. Бұл қазақстандықтарға тікелей байланыс арқылы өз сауалдарына онлайн жауап алуға мүмкіндік береді. Көпке таныс халықаралық GPT чатының бұл баламасы қазақ тіліне аударылып, биыл қолданысқа енгізіледі.
Ростислав Коняшкин, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз қазіргі трендтер бойынша дамып келеміз. Биылғы жылы Egov жасанды интелекті іске қосылады. Ол арқылы мемлекеттік қызметтің қиын атауын енгізбей-ақ, қарапайым түрде мәселен, «психиатриялық клиникадан анықтама» немесе «зейнетақы анықтамасы» деп терсе жеткілікті. Жасанды ителлект сізге оны қалай алу керектігін айтады.
Қазақстан Халықаралық рейтингте электронды үкімет бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Бұл жаңашыл технология бағытында өзге елдермен серіктестік орнатуға, тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, өткен жылы еліміз Тәжікстанға электронды үкіметтің үш өнімін экспорттады.
Ростислав Коняшкин, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы:
- Цифрлық трансформациядағы жетістіктеріміз бойынша серіктестерге маман даярлау, оқыту бағытында кеңес берудеміз. Тәжікстан біз ұсынған электронды үкімет өнімдерін сәтті жүзеге асыруда.
Индустрияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған Digital форумы талқылау алаңдарынан бөлек, отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесін ұсынды.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Мәселен, мына отандық өндірушілердің инновациялық құрылғысы жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың өкпесіндегі сұйықтықты табиғи жолмен шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ отандық өндірушілердің жасаған мына каскасы тау кен өндірісінде қолдануға арналған. Каскада орнатылған арнайы камералар арқылы жұмысшыларды ортақ базадан бақылауға арналған. Тіпті каска қауіпті аймақ туралы дабыл беріледі.
Цифрлық форум алдағы екі күнде жалғасады. Сарапшылар 3D форматында басып шығаруды өнеркәсіпке енгізудің артықшылықтарын, ақылды қалалардың болашағын және көлік-логистика саласындағы цифрландыруды талқылайды.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Эдуард Кон