Смайылов жұмыс сапарымен Маңғыстауға барды
Әлихан Смайылов Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары барысында «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту және Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты. Бұл комбинат – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен. Маңғыстау мен Атырау облыстарын ішінара электр энергиясымен, Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауызсумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз етеді. Бірақ мұндағы негізгі құрал-жабдықтардың 80% тозығы жеткен. Ескі құрылғыларды ауыстыру үшін облыс әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге және жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға Үкімет резервінен тағы 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-МАЭК атом энергия комбинатының тұрақты жұмыс істеуі Маңғыстау облысының ең күрделі мәселесінің бірі деп айтуға болады. Сондықтан біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстап отырмыз. 4,9 млрд теңгені Үкімет резервінен бөлдік. Сол ақшаға тиісті жабдықтар сатып алынып, МАЭК жаңғыртылуы керек.
Бұдан әрі Үкімет басшысына «Каспий» су тұщыту зауытының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы мәлімет берілді. Нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал Үкімет резервінен қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90% орындалды. Алдағы уақытта кешен 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Маңғыстау облысында және Ақтау қаласында тұрғындардың саны қарқынды өсіп келе жатыр. Ауызсуға деген сұраныс жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Сондықтан осы жоба өте маңызды. Екі есе қуаттылықты көбейтіп, тәулігіне 20 мың текше метрге дейін көтеру мәселесі. Жыл соңында дейін осы жобаны іске қосуыңыз керек.