Сайлау жүйесі жаңғырды
Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл. Осыған орай елордада «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. 16 елдің делегациясы бас қосқан жиын екі күнге ұласады. Онда сарапшылар сайлаудың түрлі әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасады.
Демократия алдымен әділ сайлаудан басталады. 30 жылда Орталық сайлау комиссиясы бірқатар белестерді өткерді. Елде 39 ірі сайлау науқанын өткізді.
Конференцияда жиналғандар бұл Президенттен бастап, Сенат, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын, тіпті әкімдерді сайлауға мұрындық болғанын айтады. Елдің бағыт-бағдарын анықтайтын, халыққа әсер ететін конституциялық реформалар да дәл осы сайлау негізінде қабылданды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-2022 жылғы саяси реформалар саяси жүйенің бүкіл конфигурациясын өзгертіп, сайлау кеңістігіне трансформациялық әсер ете отырып, қоғамдық қатынастардың жаңа дәуіріне жол салды. Сайлау процестері арқылы азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды.
Ол білінеді де. 2021 жылдан бастап, ауыл әкімдерін сайласақ, биылдан бастап аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға көштік. Бұл әлі бастамасы ғана,-дейді.
Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
-Жақында ғана алғашқы рет біздің халқымыз, біздің тұрғындарымыз 45 ауданның әкімдерін сайлады. Әрине осындай үлкен жұмыстан нәтиже шығаруымыз керек. Тәжірибе алмасуымыз керек. Қандай біздің практикада оң нәрселер бар, қандай алатын үлгілер бар. Осының бәрін біз бүгін талқылап жатырмыз.
Мамандар талқылаумен шектелмей, бірқатар меморандумдарға да қол қойды. Енді Түкрия, Армения, Өзбекстан елдерімен ынтымақтастығымыз арта түспек. Сайлау барысы жайлы емін-еркін тәжірибе алмасамыз.
Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Қазақстанда цифрлық технологиялар жақсы дамып жатқанын білеміз. Сайлау жүйесіне заманауи IT технологияларды ендіретін кез жетті. Бұл сайлаушылар үшін оңтайлы, әрі конституциялық құқықтарын орындауға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өзбекстан үшін басты мақсат осы.
Шарада бас қосқан 10 елдің Орталық сайлау комиссия төрағалары мен 6 халықаралық ұйым өкілдері елдегі сайлау жүйесін қолдап отыр. «Барлық науқан ұлттық заңнамаға және Адам құқықтары жөнінде жалпыға бірдей декларациясында қамтылған қағидаттарға сай болды»,— дейді.
Леонид Анфимов, ТМД Бас хатшысының орынбасары:
-Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде бақылау миссиясын атқарамыз. 30 жылда Орталық сайлау комиссиясының жұмысына 17 бақылау миссиясын өткіздік. Бірде бір заңбұзушылық таппадық. Байқаушылар тарапынан да шағымдар мен ескертулер жоқ. Комиссия жұмысы барынша әділ. Сондықтан елдеріңіздің сайлау жүйесі әлемдік талаптарға сай деп сенімді айта аламын.
Ауқымды конференция ертең де жалғасын табады. Онда сайлауға қатысты 3 монография таныстырылмақ.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхамедәли Тілдабаев