2024 жылы қандай әлеуметтік-экономикалық өзгерістер күтіп тұр?
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы, саяси реформалар, экономика, ішкі және сыртқы саясат туралы біраз дерек айтылған.
Әсіресе қарызға батқан қазақстандықтардың жағдайын түзеу, табысын арттыру сияқты мәселелер қозғалды. Ел экономикасын 4,9% жеткен Үкімет орнында қала ма? Біздің 2024 жылы қандай әлеуметтік-экономикалық өзгерістер күтіп тұр?
Президент қозғаған тақырыптар қатарында жылу электр орталықтарын жаңғырту мәселесі де бар. Әсіресе өңірлердегі ахуал мүшкіл. Құрал-жабдықтардың 80% тозған.
Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту және экономиканы дамыту. 2023 жылы Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 259 млрд долларды құраған. Алдағы 5 жылда оны екі есеге арттыру көзделуде.
Басқа-басқа коммуналдық сала жаңғыртуды қажет еткені қашан? Әупірімдеп биылғы жылыту маусымының екі айын өткіздік. Осы аралықта бірнеше жылу орталықтары өз жұмысын уақытша тоқтатып тұрғындардан маза кетті. Тұтас алғанда жағдай мүшкіл. Қазір өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80% тозған. Президент: «Бұл көп жылғы салғырттықтың салдары», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен – күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн.
Сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керектігін атап өтті. Бұған дейін жасалған жоспар бойынша елдегі жылу орталықтарын түгелдей жаңартуға 14 жыл қажет екен. Демек 2037 жылға қарай бір де бір ескі жылу орталығы қалмайды. Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы бұл жұмыстың жалғасатындығын айтты. Ал 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде көрсетті.
Төлеутай Рақымбеков, экономист:
- Бұл көрсеткішке жетуге бола ма? Көптеген экономистер сын айтады. Сенбейді. Менің ойымша шешім қабылдаудан бас тартпайтын, қорықпайтын мамандар келетін болса, әрине, мүмкіншілігім бар. Өсімнің негізі көршілермен қарым-қатынас тығыз болуы керек. Қытай 1,5 млрд, Ресей тұр 150 млн халқы бар. Олардың біздің өнімге деген сұранысы көп.
Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 млрд доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15% артады деп бағалап отыр. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 30% асып, 16,8 мың долларға жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ. Халқымыз: «жақсы сөз – жарым ырыс», - дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады.
Президент: «Ең бастысы – тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек», - деді. Ал Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Енді қажеттісі – жоспарды жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин