Мемлекет басшысы Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Eni компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды.
Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құрады.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Үкіметі мен консорциумның барлық қатысушысының, соның ішінде Eni компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр станцияларының құрылысына қатысты жүзеге асырылған жобаларды жоғары бағалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр станциясын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлімет берілді.