Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ташкентке барды
Оның барысында көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және көлік-транзиттік мәселелерге қатысты келіссөз жүргізілді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуде қазақ-өзбек қарым-қатынасының стратегиялық һәм сенімді серіктестіктің жарқын үлгісіне айналғаны атап өтілді.
Арадағы тауар айналымы былтыр 4,5 млрд долларға жеткен. Үкімет деңгейінде бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік 60 жоба жүзеге аса бастады. Тағы 43 қолға алу жоспарда. Ал Өзбекстан премьері Абдулла Ариповпен келіссөз екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы және су-энергетикалық мәселелерге арналды. Жалпы екі ел арадағы сауда айналымын одан әрі ұлғайтуға ниетті. Қазақстан Өзбекстанға тауардың жаңа 255 түрі бойынша экспортты 500 млн долларға арттыруға дайын.
Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
- Екі ел президенттері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты сапалы деңгейге шығару міндетін жүктеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін мол мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдардың арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз.
Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі:
- Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы көп бағытты қарым-қатынасты одан әрі кеңейту жөнінде тапсырмалар берді. Осы істерді орындау үшін қажетті шараларды қолға алып, бірлесіп әрекет етуге дайын екенімді білдіремін.