Хабар телеарнасы

Президент Гүлмира Илеуованы қабылдады

Ұлттық құрылтай мүшесі, әлеуметтанушы Гүлмира Илеуовамен кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесуде Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, жастар арасында құндылықтарды насихаттау, соның ішінде еңбексүйгіштік, техникалық мамандықтарды дәріптеу туралы айтылды. Сонымен қатар Қазақстанды өркендетуге үлес қосатын ұлттық буржуазияны қалыптастырудың өзектілігіне, ұлттың бәсекеге қабілетін арттыру үшін білім культін нығайтуға, инновациялық ойлау жүйесін дамытуға, «Құқықтық тәртіп», «Әлеуметтік әділеттілік» қағидаттарына басымдық берілетін қоғамдық қатынастарды ілгерілетуге назар аударылды.

Гүлмира Илеуова қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мемлекеттік рәміздерге қатысты пікірін білдіріп, Елтаңбаға және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасына байланысты ұсыныстарын жеткізді.