Хабар телеарнасы

Тоқаев Қытайда бірқатар маңызды кездесу өткізеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасына барады.

Президент Боао Азия форумының сессиясына қатысады. Сондай-ақ бірқатар маңызды кездесу жоспарланып отыр. Қытай сапарынан не күтуге болады?

Бекзат Аманов, тілші:
- Боао қаласы - Хайнань аралының шығысында орналасқан туристік орталық. Тұрғыны аз болғанымен шағын шаһардан адам аяғы алыстаған емес. Соңғы жылдары әлемнің әр тұсынан ағылған саяхатшылардың қарасы қалың. Алайда осы күндері аралдағы бейқам тіршілік сейіліп, қауіпсіздік шаралары күшейе түсті. Әдетте мұнда тәнге ем алу үшін туристер төгіле келсе, қазір экономикасына дем беру үшін келген саясаткер көп. Барлығы 30-ға жуық мемлекеттің лауызымды тұлғалары жиналды. Себебі қазір Боао Азия форумы өтіп жатыр. Ордалы отырысқа қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады.

Жиын құрлықтағы елдердің байланысын бекітуге бағытталған. Негізінен экономикаға басымдық беріледі. Әлеуметтік, экологиялық һәм ғылыми инновациялық тақырыптар да қозғалады. Одан бөлек, биыл Азияның әлемдегі рөлі мен орнын талқылап, өзге мемлекеттермен серіктестік орнату сынды мәселелер де қаралады деген пайым бар. Азия мемлекеттерінің ықпалы соңғы уақытта артып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл сөзді сарапшылар да растайды. Олардың сөзінше күллі Азиямен қатар Қазақстанның да әлемдік аренадағы маңызы арта түсті.

Астана Тұрсынхан Зәкенұлы, сарапшы:
- Біз дәстүрімізді сәулелендіруіміз керек. Тарихи дәстүрімізді. Шығыс пен батыстың арасында жібек жолы деп айтамыз ғой. Сол жібек жолында бірін біріне жалғастырушы байытушы, жеткізу рөл атқарғанбыз. Тек өткізуші емес. Біз батыс пен шығыстың арасындағы тарихи рөлімізді қайтадан сәулелендіретін уақыт жетті. Бұдан Қазақстан не ұтады? Бұдан біз елімізді әлемдік аренаға экономикалық жағынан да, мәдениет жағынан да шығарамыз. Еліміздің бет-бейнесін көтереміз, бірінші кезекте потенциалын шығарамыз.

Экономистердің пікірі де осыған саяды. Әлем елдерімен серіктестікті арттырып, транспорт логистика саласына ден қою маңызды. Бұдан Азия елдері де, өзге құрлықтағы мемлекеттер де ұтылмайды. Керісінше бұл жоба баршаға бірдей тиімді.

Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Біз экономиканың жаңа келбетіне бейімделіп жатырмыз. Қазір Азия жетекші рөл атқара бастады. Қазақстан географиялық орналасуына байланысты жоғары әлеуетке ие. Біз әлемдегі ең негізгі екі экономикалық орталықтың ортасында тұрмыз. Нақтырақ айтсақ, еуроатлантикалық орталық пен жылдам дамып келе жатқан Азия орталығы. Сарапшылардың пайымдауынша, биыл Азия елдерінің экономикасы 4,5 пайызға өседі. Өзге құрлықтармен салыстырғанда бұл тұрақты әрі динамикалық өсім.

Бекзат Аманов, тілші:
- Жиын бұдан өзге де аймақтағы маңызды мәселелерді қамтитыны анық. Мұнда саясаткерлерден бөлек, әлемдік белді ұйымдар мен компания өкілдері де қатысады. Маңызды келелі кездесулер өткізуге болатынын да атап өту керек. Сапар аясында Қазақстан Президенті лауазымды тұлғалармен, халықаралық ұйымдардың және Қытайдың ірі компанияларының жетекшілерімен жолығады деген жоспар бар.

Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков