Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді
Ақтөбе облысында су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр. Өңірге барған Үкімет басшысы жағдайды жеке тексеріп, аймақты тікұшақпен аралады. Мемлекет басшысы тапсырмаларының жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын бағамдады.
Қазірдің өзінде 772 үй су астында қалған. Өзендердің көбі арнасынан асып кету қаупі бар. Сондықтан Олжас Бектенов, республикалық штаб өткізіп, ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіруді жеделдетуді тапсырды. Әрі қауіпті аймақтағы ешбір тұрғын мемлекет қолдауынсыз қалмайтынын айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Еліміздің басым өңірлерінде су тасқынына байланысты ахуал күрделі. Апат келтірген шығындардың ауқымы үлкен. Сондықтан біздің мемлекетіміз судың бетін қайтарып, қалпына келтіру жұмыстарына дереу кірісу керек. Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді. Су басқан үйлердің барлығы қалпына келтіріледі. Құжаттары болсын, болмасын оған қарамаймыз.
Мал шығыны да төленеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір есеп жүргізіп жатыр. Олжас Бектеновтың сөзінше, несиесі бар азаматтардың төлемі 3 ай кейінге шегеріледі. Бұл шара фермерлер мен мал иелерінің лизинг міндеттемелеріне де қатысты. «Төлем кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды. Банктермен тиісті келісім бар», - деді Премьер.
Сондай-ақ ол су басқан аймақ тұрғындарымен кездесіп, барлығын алаңдатқан сұрақтарға жауап берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президенттің тапсырмасы бар, қаражат бар. Бюджеттен де, бюджеттен тыс та көздер бар. Сондықтан уайымдамаңыздар, бәрін қалпына келтіреміз. Комиссия құрылып, бәрін есептейміз.
Кенжегүл Әбдіғалиева, Ақтөбе облысының тұрғыны:
- Судың деңгейі осы жылы көп болды. Су қатты келді. Мына құтқарушыларға көп-көп рақмет айтамыз.