Сенат әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын мақұлдады
Бүгін Парламент Сенатында «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжатта жақындарына күш көрсететіндерге берілетін жаза айтарлықтай қатаңдатылған. Яғни кінәлілер айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тартылумен шектелмейді. Бас бостандығынан да айырылады. Сондай-ақ отбасынан бөлек, зорлық-зомбылыққа жол берілуі мүмкін деген орындар тізімі белгіленді.
Себеп әртүрлі. Бірақ әр нәрсені алға тартып осал топқа күш көрсетуге болмайды. Былтыр еліміз бойынша зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық шағым түсіпті. 64 әйел мен 7 бала отбасындағы ұрыс-керісте қаза тапқан. Бүгін Парламентте мақұлданған заң жобасының қаншалықты маңызды екенін осы деректерден аңғаруға болады. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша құжат үш мақсатқа жетуге мүмкіндік береді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Біріншіден әйелдер мен балаларды қорғауға қосымша құқықтық тетік қалыптастырады. Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді. Үшіншіден қиын жағдайға душар болған отбасыларға және балаларға көмек беретін арнайы әлеуметтік құрылымды қалыптастыруға құқықтық негізді дамытады.
Енді біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендердің өзі 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұрын ол 15 күн болатын. Денсаулыққа ауыр зиян келтіргендер 3-тен 8 жылға дейін сотталады. Ал азаптау үшін көзделген жаза 2-ден 3 жылға ұзартылыпты. Педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Құжатта отбасынан бөлек зорлық-зомбылыққа жол берілуі мүмкін деген орындар тізімі де белгіленді. Мәселен, балалар үйі, интернат, жазғы лагерь, арнайы медициналық ұйымдар сынды балаларға арналған тәрбие ошақтарына басымдық берілген. Жағдайды шынайы бағалау үшін оларға алдын ала айтпай, тосыннан тексеру көзделген. Осы жерде заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі кейбір негізсіз деректерге алданып қалмау керегін ескертті.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Балаларды ата-анадан тартып алу құқығына байланысты. Заңдағы барлық түзетулерде ондай норма ең басынан қарастырылмады. Болмады. Бұл заң қоғам көптен күткен, сұранысына сай халықтың игілігіне қызмет ететін заң болады. Ешқандай халықаралық ұйымдардың нұсқауымен жасалған жоқ.
Тағы бір шынайы ақпарат әрі маңызды өзгеріс – татуласу рәсімі қатаңдатылды. Қазір тек бір рет және сотта ғана татуласуға болады. Бұрын бұған шектеу болмаған. Сондай-ақ келеңсіз жайттар бейнежазбаға жазылған болса және қылмысты көрген адамның куәлік беруімен де іс қозғала береді. Айта кететін жайт, бұл тақырып қазір әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналды. Сарапшылардың айтуынша соңғы жылдары 155 мемлекетте отбасылық кикілжіңді реттеу үшін заңдық нормаларды өзгертіп, талапты күшейтуге тура келген.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов