Президент Грузия Парламентінің төрағасымен кездесті
Мемлекет басшысы Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияны Оңтүстік Кавказ өлкесіндегі Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Бұл ретте «Қазақстан-Грузия» парламентаралық достық тобы ынтымақтасты тереңдетуге ықпал ете алатынын айта кеткен жөн. Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Атап айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.