Хабар телеарнасы

«Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданды

Енді қазандықтар мен олардың басшылары мемлекет тарапынан қадағаланады. Бұған дейін кәсіпкерлерді тексеруге болмайды деген шектеу болғандықтан құзырлы орган өкілдері тіпті апат болғанның өзінде олардың жұмысына араласа алмай келді. Ал соңғы зерттеулер елдегі қазандықтардың қатты тозғанын және шұғыл түрде мемлекет тарапынан реттеу қажеттігін көрсеткен. 

Қазақстанның басым бөлігінде күз және қыс айларында температура нөлден төмен, кейбір аймақтарда -40 градусқа дейін барады. Сондықтан орталықтандырылған жылу жүйесі қажет-ақ. «Күні бүгінге дейін жылу энергетикасы секілді стратегиялық маңызды мәселе жеке сала ретінде қаралмай келді. Осы кемшілікті түзету және тозған жүйені оңдау үшін жаңа заң қажет»,— дейді Үкімет.

Елдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы 13 мың шақырым. Жартысынан астамы ескірген. Жылу орталықтарының 66% жуығы тозған. Мәселен, Арқалықтағы жылу орталығы кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Орал, Балқаш пен Ақтаудағы жылу орталықтары да 80% тозған. Береген қолым алаған, тариф көтер деген талабын орындаған мемлекет енді жылу орталықтарының иелерінен де талап етпек.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тарифті алдың ба, бекіттің ба? Қарастырылған жұмыстың барлығын сен атқаруың керек. Атқармайсың ба, саған сұрақ. Бекітілген бағдарламасына сәйкес ақша жұмсалмаса 10% айыппұл төлейді. Ол біраз ақша немесе сол ақшаны өзінің кірісіне пайдаланып заңды бұзатын болса, 20% дейін айыппұл төлейді.

Жаңа заң жобасы 42 бап, 14 тараудан құралған. Оның ішінде жылумен жабдықтауға қажет отын қорын әзірлеу, техникалық нормалар, бірінші басшылардың жауапкершілігі мен қауіпсіздік талаптары да қамтылған.

Құжаттың тағы бір ұтымды тұсы: егер жылу орталығының қателігі себепті тұтынушы шығынға ұшыраса, жұмсалған қаражатын өндіріп алуға құқылы. Жалпы алғанда осы заңды талқылау кезінде депутаттар 500-ден астам түзету енгізіпті.

Тариф тақырыбы депутаттық сауалдарда да жалғасты. Мәжілісмен Нартай Аралбайұлы ауыр хәлде жатқан науқастарды тасымалдайтын санитарлық авиациядағы тарифтің өскеніне наразы. Өйткені бағасы қымбат ескі ұшақтың өзі қауіпті, депутаттың дерегінше соңғы жылдары 11 оқыс оқиға тіркелген.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі 219 250 теңге болса, былтыр 328 мың теңгеге жеткен. Ұсыныстар: Санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Екінші, санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау қажет.

Жигули Дайрабаев агробанк құру мәселесін тағы көтерді. Оның маңызы туралы талқылауға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылары да қатысып, мақұлдаған дейді ол.

Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Содан бері 5 ай уақыт өтті. Мәселе орнынан қозғалар емес. Уәкілетті органдар қарастырайық, сараптайық деген сылғыртпа жауап бергеннен басқа ешқандай шара қолданбады. Демек Үкіметтің агробанк құру идеясына қарсы дәлелді уәжі жоқ. Өткен кезеңнен бері агробанктің әртүрлі концепциясы талқыланып жатыр.

Депутаттар сондай-ақ азық-түлік бағасын реттеу, цифрландыру, моноқалаларды дамыту мен дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты сұрақтарды көтерді. Жаз маусымы елге әлі кіре қоймағанымен, есесіне Парламент маусымы қызып тұр.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин.