Хабар телеарнасы

«Салтанат заңы» күшіне енеді

Жыл сайын елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан әйелдер мен балалар жапа шегеді. Мәселен, өткен жылы жуан-жұдырықтылардың қолынан 69 әйел мен 7 бала көз жұмған. Оның сыртында 300-дей азаматша араша сұрап полицияға жүгінеді. Енді 10 күннен соң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатаңдатуды көздейтін, халық арасында «Салтанат заңы» деп аталып кеткен заң күшіне енеді. Не күтеміз?

4 жыл қаралып, қызу талқыда болған құжат енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал ете ала ма? Бір қызығы, мәселен жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін жылына 40 мыңдай адам полицияға жүгінеді екен және мына заң күшіне енгеннен кейін де сол келеңсіз статистика сақталады. Неліктен?

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңы. Депутаттардың бастамасымен 4 жыл жазылған құжатқа 11 сәуірде Парламент Сенаты батасын беріп, Президент ізінше қол қойды. Айдың ортасында әне-міне күшіне енгелі отыр. Жаза қатаңдатылады дедік қой. Түсінікті тілмен бір қарапайым мысал келтіре кетейік. Әйелін сабап, бет-аузын көгертіп қоятындар бұрын 15 АЕК сомасында айыппұл төлеп немесе 15 күнге отырып келіп құтылатын. Енді 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 50 күнге қамалады. Сонымен отбасында озбырлыққа баратындарды енді не күтетінін тағы бір мәрте көріп алсақ. 

Жарына жұдырық ала жүгіретіндер 3 жылға бас еркінен айырылады немесе 600 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі. Егер орта дәрежеде дене жарақатын келтірсе, 2 жыл түрме жазасы бар. Егер жарақат ауыр болса, 3-тен 8 жылға дейін бас еркінен айырылады. Педофилиялық қылмыс жасағандар мен бала өлтіргендер өмірінің соңына дейін түрмеде өткерсе, өз-өзіне қол жұмсауға итермелегендерге 3 жыл мерзімді жаза бар. Ал суицидке итермелеген адам кәмелетке толмаған болса, онда айыпкерге 5-тен 9-жылға дейін түрме жазасы қарастырылған. Суицидті насихаттауға енді 3-тен 5 жылға дейінгі түрме жазасы немесе 200 АЕК мөлшерінде айыппұл бар. Жыныстық сипатта балаға қол салған адам 50 күнге қамалады және 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі. Егер баланың бостандығын шектегісі келетіндер бар болса, өзінің бас бостандығы 10 жылға дейін шектелетінін еске саламыз. Кәмелетке толмаған жеткіншекті ұрлаймын дегендер 15 жылға дейінгі уақытын түрмеде өткізеді.

Тағы бір маңызды жайт. Мәселен, балаға буллинг жасау, яғни жәбір көрсету. Енді 16 жастан асқан жеткіншектер қатарластарына жәбір көрсетсе, 10-нан 30 АЕК көлеміне дейін айыппұл төлейді. Жасы 16-ға толмаса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Сондай-ақ жолақысын төлемедің деп баланы автобустан, әсіресе қыс мезгілінде түсіріп тастағанға да жаза бар. Жаңа өзгерістер бірнеше жауапты министрліктердің мүддесін қамтиды. 

Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
-16 бап бойынша балаларға көрсетілген зорлық-зомбылықтар бұрын тараптардың келісімімен жазаны яғни ауырлату немесе жеңілдету шаралары қаралған болса, енді бұл баптар мүлдем талқыланбайды және тараптардың бір-біріне кешірім беру фактісі мүлдем орын алмайтын болды. Қажеттілігі жоқ. Яғни жаза тікелей тағайындалады. 

Иә, енді тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде ымыраға орын жоқ және бұл талап тек балаға ғана қатысты емес. Жаңа реформадан соң Ішкі істер министрлігінің жұмысы ауырлайын деп тұр.

Енді арызды қылмыстық тәртіпте қарайтындықтан оның жұмысы да, жүгі де көбейеді. Себебі әрбір әрекет бойынша хаттама толтырылады, тараптар таныстырылады. Іске адвокаттар араласады, кәдімгі қылмыстық іс. Ал мәселенің масштабын бағамдау үшін жылына қанша арыз түсетінін білу жеткілікті. 

Ренат Зұлхаиров, ҚР ІІМ Әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары: 
-Жыл сайын ұрып-соғу салдарынан жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтіру фактілері бойынша шамамен 35-40 мың адам жауапқа тартылады. Бұл отбасыдағы ұрып соғу мен көшеде соққыға жығып кетуді қоса алғандағы статистика. Қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірінші кезекте ол осы келеңсіздіктердің алдын алуға септігін тигізеді. Біздің пайымдауымызша жеңіл дене жарақаты үшін қылмыстық істердің саны осы 40 мыңның ар-жақ бер жағында сақталады деп ойлаймыз, бірақ ауыр дене жарақаты немесе адам өлтіру жайттары азаюы тиіс. 

«Салтанат» заңын қараған Сенаторлардың бірі Әсем Рахметованың айтуынша, қоғамдағы келеңсіз қарым-қатынастардың өршуі амалсыз заң қабылдауға итермелеп отыр. «Жаңа заң әйел мен бала құқығын қорғауда тәртіп сақшыларына жауапкершілік жүктейді», - дейді. 

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Кейбір жағдайларда ІІ органдары қызметкерлерінің тарапынан бір немқұрайлық та байқалатын. Бұрындары әйелі таяқ жеп келген кезде отбасының ісіне араласпаймыз, өздеріңіз бірдеңе қылып шешіңіздер деген сияқты немесе нақты сіз дәл қазір дене жарақытыңызды дәлелдеген жоқсыз деген сияқты деген дүниелерді өз басым көп кездестіретінмін. Енді былай жағдайларды қараған кезде. Қазіргі уақытта бұл ретте біз ол кісілерге де үлкен жауапкершілік жүктеп отырмыз. 

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін қоғамда тұрмыстағы зорлық үшін жазаны мейлінше қатаңдатуды талап етушілер көбейді. Бұл заңға қарсылар да табылыпты. 

Маржан Балтабай, «Еркіндік қанаты» ҚҚ жоба үйлестірушісі:
-Заң жобасы Сенатта екі айдан астам қаралып жатқан болатын. Сол кезде әлдебір деструктивті күштердің заңның қабылдануына жүйелі түрде қарсы жұмыс істеп жатқаны туралы белгілі болды. Бір жағынан осы жайт, екіншіден жалпы қоғам тарапынан туындаған талапты ескере отырып, біз Сенаттан заңды қабылдауды талап етіп қол жинадық. 5 мыңнан астам хат келді. Қазір заң қабылданды, бұл бәрі бітті деген сөз емес. Заң талаптарының орындалуы мәселесі бар. Біз қоғамдастық оны бақылайтын боламыз.

Бұл заң тек жазалауды ғана көздемейді. Жәбір көргендер кімге жүгініп, қай жерді паналай алатыны да айқын жазылған. Оның сыртында 111 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады. Барлық өңірлердің әкімдіктері жанынан отбасын қолдау орталықтары құрылған. Сондай-ақ тұрмысы қиын отбасын анықтау үшін мобильді топтар жұмыс істемек. «Ел аузында «Салтанат заңы» аталып кеткен жаңа ереже тиісінше жұмыс істейтін болса, әділдік салтанат құруы тиіс»,— дейді мамандар.