Президент өзіне «Е-өтініш» арқылы хат жазған астаналық Айару Алтынбекпен кездесті
Президентке хат жазған Айару. Мемлекет басшысы өзіне «Е-ӨТІНІШ» арқылы хат жазған астаналық Айару Алтынбекпен кездесіп, арнайы әкелген сыйлығын табыстады. Осылайша шахматшы қыз мамырдың 13 күні жазған хатына бір айға жетер-жетпес уақытта жауап алды.
Айару Алтынбек - классикалық шахматтан оқушылар арасында әлемнің екі дүркін чемпионы. Биыл мамырдың басында Перу астанасы Лима қаласында өткен жарыста топ жарып, Президенттен сүйінші сұрап хат жазған.
Айару Алтынбек, классикалық шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионы:
-Президент менің үлкен әпкелерімді қолдайды. Кездеседі. Құттықтайды. Мүмкін менімен де кездесіп қалар деп ойладым. Президенттің шахматты жақсы көретінін білемін. Жетістігімді айтып мақтанайын деп едім.
Көп ұзамай Айару хатына жауап алды. Бүгін Елордадағы «Сана» отбасылық спорт орталығында жас жеткіншек Президентпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы қызға өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабын қолтаңбасымен тарту етті.
Айару Алтынбек, классикалық шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионы:
-Мен негізі кішкентай кезімде Президентпен кездесу арманым болған. Өйткені теледидардан көретінмін. Сол кезде кездескен күшті шығар деп ойлайтынмын. Одан кейін чемпион болып оралған соң, анам екеуміз жазып көрейік, мүмкін арманым орындалып қалар деп ойладық. Мені іздеді. Президенттің мені іздеп келгеніне өте қуанышты болдым.
Айару Президентке жазған хатында әлемдік додаларда еліміздің атын бұдан кейін де шығарып, көк туды биіктен желбірете беретінін жазған және өзінің бала арманын да жеткізген.
Айару Алтынбек, классикалық шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионы:
-Құрметті Президент, менің арманым – Сізбен кездесіп, Өзіңіздің қолтаңбаңызды алу. Бұл мен үшін үлкен бақыт! Сіздің шахматқа деген ерекше махаббатыңызды, әрдайым осы саланы қолдап жүретініңізді де білемін. Өзімнің шахматқа деген болашақ жоспарларым туралы Сізге баяндап бергім келеді. Мен де шахматта жетістікке жетіп жүрген әпкелерім сияқты қанатым талмай еңбек етіп, Елімнің намысын ары қарай қорғап, мәртебесін биіктете беремін! Қазақ елінің туын әлі талай елде көкке көтеруге уәде беремін! Сіздің де мені қолдайтыныңызға кәміл сенемін!
Мемлекет басшысының қаршадай қыздан келген хатты елеп-ескеріп, бүлдіршінмен уақыт тауып арнайы кездескеніне Айарудың анасы да дән риза. Индира Байтемірова хат жазарда жауап келмейтін шығар деген күмән болғанын айтады.
Индира Байтемірова Айарудың анасы:
-Бір айға жетпей Президентіміз кері байланысқа шықты. Біз жазайық, болса болар, болмаса көрерміз, кейін өскенде, осылай жеңіске жетіп жүрсең, Президентпен кездесерсің деп қызыма түсіндірдім. Болса жақсы, болмаса көңіл-күйіңді түсірме деп. Жоқ, бір айға жетпей кері байланысқа шықты, қызым үшін мен өте бақыттымын.
Мемлекет басшысы өз атына жазылған хаттарды назардан тыс қалдырмауға тырысады. Қоғамның пікіріне құлақ асу, азаматтардың сұрауына жауап қату Президенттің негізгі ұстанымдарының бірі болса керек.
Авторлары: Досжан Ысқақ, Азамат Сәметов