Президент Киевте қазақстандық журналиске жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысы Украина астанасы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовтың оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады.
Еске сала кетсек, ол мінген көлікке белгісіз біреу оқ атып, оқиға орнынан ізін суытқаны туралы ақпарат тараған болатын. Айдос Садықовқа ота жасалды, ол ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
Президент қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді.