Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының өкілдері бас қосты
Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық етті. Тараптар халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның Ұйым елдерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алысты.
Отырыс қорытындысы бойынша министрлер тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетаралық бағдарламаның жобасын, сондай-ақ ұйым шеңберіндегі бітімгершілік және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу бойынша бірқатар құжатты мақұлдады.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігер, ғарышты бейбіт мақсатта пайдалану және ақпараттық қауіпсіздік саласына байланысты саяси мәлімдемелер қабылдады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Сыртқы саяси қарым-қатынаста біздің ұйымның БҰҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығы белсенді дамып келеді. Ауғанстан бойынша жұмыс тобының отырысына ҰҚШҰ өкілдерін, тиісті құрылымдардың, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да ұйымдардың өкілдерін шақыру тәжірибесін жалғастыру маңызды деп санаймын.
Сыртқы істер министрлерінің кеңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов журналистердің Армения Республикасының ұйымға мүшелігі туралы сұрағына түсініктеме берді.
Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
- Бұл сұрақ бірінші кезекте Армения тарапына қатысты, бірақ мен бір ғана нәрсені айта аламын. Ұйымда Армения біздің одақтасымыз болды және болып табылады. Армения алдындағы біздің барлық міндеттемелеріміз сақталады, ал ұйымға мүшелік мәселесі мемлекетің жеке өз шешіміне байланысты.