Мемлекет басшысы Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесті
Бейбіт тұрғындардың өміріне жасалған кез келген қастандық пен зұлымдық әрекетті Қазақстан батыл айыптайды. Әрі оны халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке төнген зор қауіп ретінде қарастырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде осылай деді. Тараптар терроризм мен экстремизмге қарсы күресте тығыз ықпалдастықты жалғастыру, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдар аясында күш-жігер біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, президенттер екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасып, Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібін талқылады.