Хабар телеарнасы

Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды

Парламент сессиясы қорытындыланды. Депутаттар заңдарды қабылдаумен қатар 800-ге жуық елді мекенде болып, 2000 мың кездесу өткізіпті. Үкіметке 700-ден астам сауал жолдаған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазірдің өзінде келесі сессияда қаралатын сұрақтар тізімін де таныстырды.

Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі тақырыптық жағынан мазмұнды болды. Алдымен сандарды сөйлетейік. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39, Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. 179 заң жобасы қаралып, оның 102-сі қабылданды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді. Біз басты қаржы құжатын – республикалық бюджетті қабылдадық. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. 

Халықтың басым бөлігін алаңдатқан түйіткілдің бірі – жылумен жабдықтау саласындағы проблемалар. Соңғы жылдары әртүрлі өңірде тіпті, қайталанған апаттар мен жүйедегі ақаулардың куәсі болдық. Жабдықтардың 80%-тен астамы тозған. Оларды күтіп ұстау, жүйелі жұмыс жүргізу бойынша сол мекеменің басшыларына заң жүзінде жауапкершілік жүктелген.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тарифті алдың ба, бекіттің ба? Қарастырылған жұмыстың барлығын сен атқаруың керек. Атқармайсың ба? Саған сұрақ. Бекітілген бағдарламасына сәйкес ақша жұмсалмаса, 10% айыппұл төлейді. Ол біраз ақша. Немесе сол ақшаны өзінің кірісіне пайдаланып заңды бұзатын болса, 20% дейін айыппұл төлейді.

Осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі шешілді. Қабылданған заң өндірісте еңбек ететін 400 мыңнан астам адамға қатысты. Сондай-ақ олардың 55 жастан зейнетке шығуы да осы құжатта өз шешімін тапты.

Тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктер. Жыл сайын бұл бағытқа 6,5 трлн теңге бөлінеді. Ақша бола тұра инфрақұрылымдық нысандар сапасыз салынады, мерзімінен кешігеді. Арасында мүлдем атқарылмай қалатындары да бар. Депутаттар бәріне талдау жасай отырып, сатып алу жүйесін реформалады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Заңда сатып алынатын тауарлардың бағасынан бұрын оның сапасына басымдық беріледі. Сонымен бірге рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылады. Ең маңызды тұсы жергілікті тауар өндірушіге артықшылық берілейін деп отыр.

Депутатар Президенттің тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін заңнамалық база қалыптастырды. Ол 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жұмыс істеуде.

Елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар. Болжам бойынша жыл сайын олардың әрқайсысының атына 100-150 доллардан жинақталады. 18 жылда ол 3,5 мың доллар болады деген болжам бар.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Бұл қаражат 18 жасқа толған кезде ғана баланың төлемдерді талап ету құқығын білдіреді. Ұлттық қордан қаражатты алу бала 18 жасқа толған кезде аудару мен пайдалануға қажетті сомада және жинақталған қаражат шегінде жүргізілетін болады.

Депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі. Ұлттық спортты дамыту, жол қауіпсіздігін жетілдіру, «Масс-медиа туралы» заң да осы сесияда қаралып қабылданды. 

Осы сессия аясында «Қоғамдық бақылау туралы» заң да қабылданды. Оның негізгі новеллаларының бір петиция арқылы көтерілген мәселелерді енді жауапты органдар қарауға міндетті. Құжат 2024 жылдың 4-ші сәуірінен бастап күшіне енді. Оған сәйкес петиция беру екі жолмен жазбаша және электрондық түрде өткізіледі. Оны аудандық жерде қарастыру үшін 2,5 мың, ал Үкімет деңгейінде қарайтын болса, 50 мың қол жиналуы тиіс.

Данияр Қадыров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

-  Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылып, әкімшілік Кодекс бойынша олар да қаралатын болады. Заңды алдыңғы қатарлы шетелдік тәжрибені қолданып, біз де жасап отырмыз. АҚШ-тың заңнамасы зерделенді. Еуроодақтың, Азия елдері, Жапония, Кореяның.

Түрлі пікір айтылып, ұзақ талқылаулардан кейін хош иісті вейптерді де сатуға заңмен тыйым салынды. Құжатта оның саудасын шектеуге қоса, әкелуге, таратуға, өндіруге болмайды деп қадап жазылған. Оған бағынбағандарға қомақты айыппұл салынада немесе 2-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұған дейін бұл мәселе 7-ші шақырылымда да үш жыл бойы талқыланып келді. Қазіргі таңда вейптердың таралуы бейресми ақпарат бойынша 200 есеге өскен. Оларды қазір балалар сатып алу мүмкіндігіне ие. Оған қоса алматылық балалардың 80, астаналық балалардың 83%-і қолданады деген ақпарат шығып отыр. Бұл өте қауіпті үрдіс.

Мәжіліс қараған келесі заң медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған. Ақхалатты жандарға «Мамандықтың үздігі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілетін болды. Оған ие болғандарға бірреттік ақшалай төлем қарастырылған. Ауылға жұмысқа барған дәрігерлер үшін де қолдау аясы кеңейтілді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі «Дипломмен ауылға», несиесі бар, басқа да көтерме ақысы бар. Оны ешкім алып тастаған жоқ. Оның үстіне тағы бір көтерме ақыны беріп отырмыз. Биыл ол 9 млн-ға жуық қаражат. 9 млн жаңадан келген маман үшін өте жақсы қолдау деп мен сенемін. Бірреттік.

Бұл сесияда да нормалар жеткілікті пысықталмаған, сапасы төмен заңдар да кездесті. Соның айқын мысалы – «Су кодексі» жобасы. «Құрылыс кодексі» жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түсті.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 -177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Бар болғаны министрліктің қосқаны 3-4 бөлім ғана. Қалғандары сәулет, қала құрылысы туралы заңы. «Жеке тұрғын үй құрылысы» заңы және үлестік қатысу. Ешқандай жаңалық жоқ.

Тағы бір бағыт – өңірлдерге шығу. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елді мекенді аралап оның ішінде тасқын орын алған аймақтарда да болып, 2000-ға жуық кездесу өткізіпті. Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға азматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын жеткізу үшін 727 депутаттық сауал жолданған.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Келесі сессияда да атқарар жұмыс көп. Бүгін айтылғанындай, қазірдің өзінде Парламент қоржынында 71 заң жобасы жатыр. «Депутаттық корпус», «Бюджет», «Салық», «Су кодекстері» бойынша жұмысты жалғастырады.

Оған қоса сыбайлас жемқорлыққа, есірткімен күрес, сот жүйесін реформалау және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары қаралады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев, Азамат Сәметов