Хабар телеарнасы

ШЫҰ саммиті: қандай мәселелер қаралды?

Астанада әлем көз тіккен алқалы жиын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Ауқымды шараға 16 елден президенттер, үкімет басшылары және беделді халықаралық ұйым жетекшілері қатысты. Бұл жолғы басқосудың басты жаңалығы: Шанхай ынтымақтастық ұйымына Беларусь Республикасының мүшелікке енуі болды. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары, Астана декларациясын, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымын жетілдіру туралы» бастамаларды қабылдады. Саммитке келген делегаттар тағы қандай мәселе төңірегінде сөз қозғады?

Астана бұл алқалы жиынға тыңғылықты дайындық жасады. Жолдар жөнделді, ғимараттар жаңарды. Шет елден келген меймандардың жайын ойлап, талай көшеде қозғалыс шектелді, құқыққорғау орындары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 16 елден келген делегаттар бас қосатын орын осы — Тәуелсіздік сарайы. Айналасы ат шаптырым жер толық бақылауда. Тек мәртебелі меймандар мінген көліктер ғана аумаққа кіре алады. Сарайға алдымен ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің басшылары бас сұқты. Әлемдегі алпауыт ұйымға мүшелікке қабылданатынына сенімді болса керек, Александр Лукошенко саммитке көтеріңкі көңіл күймен келді. Ал Мемлекет басшысы әдеттегідей қонақтарды өзі қарсы алды, жылы шыраймен күтіп алды, суретке түсті.

Саммиттің әлқиссасын Қасым-Жомарт Тоқаев Белорусьті ШЫҰ-ға қосу жайынан бастады. Ұйымға мүше өзге мемлекеттер бірауыздан бұл шешімді мақұлдап, қабылдау құжатына қол қойды.

ШЫҰ-ның түп мақсаты — оқ ату емес, тыныштықты сақтау, дауласу емес, уағдаласу, кез келген кикілжіңді бейбіт шешу. Қазақстан былтырғы шілдеден бері ұйымға төрағалық еткен. Бір жыл ішінде түрлі деңгейдегі 150 іс-шара ұйымдастырылып, ұйымның жұмысына қатысты 60 жаңа құжат қабылданыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады».

Бүгінде әлемдік жалпы ішкі өнімнің 25% Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үлесінде. Сондай-ақ жаһан жұртының жартысына жуығы ұйымның құрамындағы мемлекеттерде тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін».

Қазір киберқауіпсіздік мәселесі әлемді алаңдатып тұр. Бұны бүгінгі саммит барысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологияның игіліктерін пайдалана отырып, ұйымға мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасатын жаңа механизмді іске қосуды ұсынды. Бұған қоса Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» форматында өткен кездесуде ШЫҰ-ның әділ әлем, келісім және даму бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас ассамблеясы қарарын қабылдау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті, әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту».

Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналғанын да атап өтті және климатқа қатысты проблемаларды еш мемлекет жалғыз шеше алмайтынын баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек».

Сарапшылар бұл ұйымның жұмысы біразға дейін формалды түрде жүрді деп баға беріп келген. Бірақ ширек ғасырға жуық жұмыстың нәтижесінде ұйым халықаралық қатынас жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Соңғы жылдардағы жаһандық геосаяси ахуалдың құбылуы да ұйымның маңызын арттып, жұмысын ширата түскендей.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді»

Бұл жолғы саммитке ұйым мүшелігінде жоқ Әзербайжан, Катар, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Түркия басшылары және Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антонио Гутерриш те қатысты. Ауғанстан мен Моңғолия бақылаушы позициясында болса, қалған мемлекеттер саммитке диалог серіктестер ретінде келіп отыр.

Игорь Тур, «Онт» телеарнасының саяси шолушысы (Беларусь):
-ШЫҰ қазір белгілі бір аймақтың ғана мәселесін талқылайтын алаң емес, жаһандық маңызы бар мәселелер қозғалатын ортаға айналды. Біздің президентіміз Александр Лукошенко бірполярлы пікірден шаршағанын жиі айтып жүр. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ аймақтағы салмақты ұйым болып тұр. Сонысымен де бұл ұйым бізді қызықтырады.

Айта кетейік, осыған ШЫҰ бас хатшысының орынбасары болған Нұрлан Ермекбаев бүгіннен бастап ұйымның бас хатшысы болып сайланды. Ол 2025-2027 жылдар аралығында осы қызметін атқарады.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымын 2001 жылы 6 мемлекет жер дауларын реттеу үшін құрған, содан кейін аясы кеңейіп, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелерін де қамти бастады. Әдепкі алтау қазір 10-ға жетті. Бұл жолы қатарға қосылған Беларусь ШЫҰ-ның құрамына өтіп отырған толығымен Еуропа құрлығында жатқан алғашқы ел.

Авторлары: Досжан Ысқақ, Азамат Сәметов