ШЫҰ саммиті: шарттық база 60 жаңа құжатпен толықты
Жарты әлемнің назары, байланыстардың базары... Кешегі Астана саммитін бір ауыз сөзбен осылай сипаттауға болады. Ал тәпсірлесек, 25 маңызды құжатқа қол қойылып, шарттық база 60 жаңа құжатпен толықты. Алғаш рет айрықша форматта өткен ауқымды шарадан не түйдік? Бір ауыз сөзбен айтқанда Шанхай ондығының әлемдік беделі артты, алдағы уақытта дамудың жаңа көкжиектері пайда болды. Ұйым осындай бағаға сұранып тұр. Ал ол бір жыл бойына төрағалық еткен уақыттағы Қазақстан атқарған ілкімді жұмыстардың нәтижесі.
Мыңдаған қонақ кетті. Бүгін Астана әдеттегі қалыпты өмірге қайта оралды. Кешегі қарбаластың бірі де жоқ. «Қонақ кетті, не қалды»,— деп саммиттен соң шәй ішіп отырып ойлансақ, біраз нәрсенің басын қайырып тастаппыз ғой деген ой қалып отыр. Ойды туғызған отандық, һәм халықаралық сарапшылардың пікірі.
Астанадағы алқалы жиында айтылған әр мәлімдемені алыстағы Анадолы елінің сарапшылары қалт жібермей қадағалап отырды.Оған негіз де жоқ емес, Түрік ағайындар да түбі осы ұйымға кіруге ниетті.
Есма Өздашлы, халықаралық қатынастар сарапшысы:
-Саммиттің қорытынды декларациясында 2035 жылға дейін аймақта және бүкіл әлемде жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон және лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес сияқты кешенді мәселелер қамтылған. Қазақстан төрағалығы кезінде қолға алған бағдарламалардың барлығын жүзеге асырды.
Ұйымға төрағалық еткен бір жылда еліміз 150-дей түрлі деңгейдегі іс-шара өткізді. Ол цифрлық, туризм, энергетика және бизнес-форумдар, ШЫҰ Жастар кеңесі және т.б шараларды қамтиды. Сондай-ақ ұйымның шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықты. Ол Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және т.б. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде көтерілген қауіпсіздік, экология, экономика мен басқа да сұрақтардың қай-қайсысын алсаң да маңызды екенін жиынға қатысушылардың барлығы атап өтті. Сарапшылар оны былай деп түсіндіреді.
Ерік Батырханов, саясаттанушы:
-Ұйым тарихында саммиттің алғаш рет ШЫҰ + форматында өтуі, БҰҰ бас хатшысы келуі, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың қатысу, осының барлығы Президент пен Үкіметтің үлкен жұмысы. Айта кетсем, 2020 жылы Мемлекет басшысы ұйымның хатшылығына оның жұмысын нығайту үшін әуелі барлық кемшілігі мен артықшылықтарын анықтап, талдау жүргізуді және тиісінше ұсыныстар енгізуді тапсырды. Нәтижесін көріп отырмыз, саммит ауқымды әрі жоғары деңгейде өтті және нақты қадамдар, шешімдермен айшықталды.
ШЫҰ + форматы серіктес және бақылаушы мемлекеттерге де мүмкіндік. Қырғыз сарапшысы енді суды пайдаланудағы түйткілдерді де біржақты ететін алаң бар деп пайымдайды.
Бақытбек Жұмағұлов, «Еуразияны стратегиялық зерттеу» орталығының директоры:
-Бұл мәселе әсіресе Ауғанстандағы Кош-Тепе каналының құрылысы басталғанына байланысты өте өзекті. Өйткені ол Өзбекстан мен Түрікменстандағы жағдайға әсер етуі мүмкін. Ауғанстан ұйымға бақылаушы ел болғандықтан бірлестіктің мәселені құрылым шеңберінде талқылап, шешуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
Жаһандық өзгерістерге жауап - ұйымның жан-жақты дамып, көпжақты қатынас құруы басты шарт. Бұл Қазақстан белгілеген формула деп бағалануда.
Жансая Нұралиева, қазақстандық Қоғамдық даму институтының сарапшысы:
-Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24 саммиті өте сәтті өтті деуге болады. Бұл – Астана декларациясы. Сонымен қатар қарапайым адамдардың өміріне әсер ететін тағы басқа құжаттар қабылданды. Оның ішінде энергетика, экономиканы дамытудың 2035 жылға дейінгі стратегиясы.
Хош, сонымен 25 құжатқа қол қойылып, маңызды бағыттарын белгілеумен Астана саммиті сәтті өтті деген баға берілді сарапшылар тарапынан. «Қазақ елінің астанасында Шанхай ондығы болып қайта түлеген ұйым - жаһандық дамудың барлық бағытын қамтитын ірі ойыншыға айналғанын көрдік»,— деп түйіндеді мамандар. Қазақстанның бастамалары баянды болуға тиіс, Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы тізгінін 2025 жылдан бастап Нұрлан Ермекбаев ұстайды.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айбек Ақшолақов, Ерлан Наурызбаев