Қ. Тоқаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдік және ұлттық экономикадағы қазіргі трендтер туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ құрылымдық реформаларды одан әрі жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Агенттік төрағасы мемлекеттік статистика мен деректерді басқару негіздерін институционалдық тұрғыдан күшейту туралы баяндады. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросына әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау өкілеттігі берілді. Жыл соңына дейін тоғыз мемлекеттік органның деректер базасы сапасына бағалау жүргізіледі. Бұл әкімшілік дереккөздері үшін сапа стандарттары мен халықаралық әдістемені қолдануға көмегін тигізеді.
Мемлекет басшысына Агенттіктің әкімшілік және баламалы ақпарат көздерін белсенді пайдалануды ескере отырып, статистикалық қызметті қысқа мерзімді жоспарлаудан үш жылға дейінгі орта мерзімді жоспарлауға көшуі жөнінде айтылды.
Жандос Шаймарданов аталған реформалар статистикалық есептілікті 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік беретінін және деректердің сапасы мен ресми статистикаға деген сенімді арттыратынын жеткізді.
Кездесу соңында Президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды жан-жақты пысықтаудың маңызды екеніне тоқталып, Агенттік төрағасына осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.