Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның сарапшылар кеңесі құрылды
Ол Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жанынан ашылып отыр. Бүгін қос елдің саясаттанушылары мен экономистері бас қосып, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бауырлас елдердің сауда айналымы қазір 4 млрд доллардан асқан. Ортақ мақсат – бұл көрсеткішті келешекте 10 млрд долларға жеткізу. Орталық Азияда сырттан ең көп инвестиция тартып отырған да – осы екі мемлекет. «Енді тек алыс-берісті ғана емес, барыс-келісті де күшейту қажет»,— дейді сарапшылар. Ол үшін бүгінде арадағы шекара бекеттері жаңартылып жатыр. Айта кетейік, кеңесте аталған екі елдің ғана мәселелері емес, бүкіл Орталық Азияға ортақ сұрақтар да қаралады.
Акрамжон Неъматов, Өзбекстанның стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары:
-Күн тәртібіндегі басты сұрақ – одақтастығымызды одан әрі арттыру. Келесі кезекте сауда байланысын күшейту. Арада кедергісіз нарық қалыптастыруымыз керек. Ал көлік инфрақұрылымын дамыту, бізді үшінші елдерге шығаруға жол ашады. Экология тақырыбы да назардан тыс қалмайды.