Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы алыс-беріс жарты жылда $84 млн-ға жетті

Мемлекет басшысының Моңғолия Республикасына екі күндік мемлекеттік сапары басталды. Қазақ басшысы моңғолиялық әріптесімен бірнеше форматта келіссөздер жүргізіп, аталған елдің үкімет және парламент басшыларымен де кездеседі деп жоспарланған. Екі ел арасында тікелей шекара болмағанымен, мәдени-тарихи байланыстар тереңнен тамыр тартатынын, қос елдің де қайраткерлері қуаттайды. Қазақ халқы сияқты Моңғол жұрты да – көшпелі өркениеттің мұрасын берік сақтаған ел.

Айта кету керек, бұл – 2008 жылдан бері Мемлекет басшысы деңгейінде Моңғолияға жасалған екінші сапар. Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің шақыруымен келді. Оған ресми Ұлан-Батыр тарабы мүдделі.

Дуурэн Тумэнжаргал, Моңғолия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы директоры:

- Моңғолия бизнесі үшін Қазақстанмен арадағы байланысты жандандыру стратегиялық тұрғыдан маңызды. Біз Қытай және Ресеймен шектесеміз. Одан кейін географиялық тұрғыдан ең жақын мемлекет – Қазақстан. Тарихи мәдени жақындығымыз өз алдына. Соңғы 15 жылда екі ел кәсіпкерлерінің белсенділігі төмендей бастағаны сезіледі. Біз қазақ елімен бизнес байланысты қайта қарап, ықпалдастықты жаңа деңгейге шығаратын уақыт келді деп есептейміз.

Енді Моңғолия елі, мұндағы жұрттың тыныс-тіршілігі туралы аз-кем айтсақ. Мұңғұл ұлысының елордасы Ұлан-Батырда кешегі мен бүгінгі күн тоғысқан. 1,5 млн тұрғыны бар шаһарда заманауи мегаполистің тіршілігі қайнағанымен, қала шетінде көшпелі тұрмыс сақталған. Мұнда кейбір отбасылар жыл он екі ай киіз үйде тұра береді.

55 жастағы Байырма ханым – Үвүрхангай Баянгол өлкесінің тумасы. Соңғы 20 жылда отбасымен ел астанасында тұрады. Бірақ тұрағы – осы киіз үй.

Байырма, Ұлан-Батыр қаласының тұрғыны:

- Киіз үйде қысы-жазы тұрамыз. Қала іргемізде. Жазда салқын, қыста жылы. Пешіміз көмірмен жанады, тоқ та келіп тұр. Тас үйден гөрі осы жайлы бізге. Таудың етегі. Қазір кішкене аяғым бастырмай жүр. Бұрын жанымыздағы жотаның басына түсіп шығатынмын. Жирмэсен эх хад деп аталады ол төбе. Жүкті ана деген мағына береді. Бұл жерге туристер көп келеді. Біз сияқты бірнеше түтін бар осында. Жалпы Ұлан-Батырда киіз үйде тұра беру – қалыпты дүние.

Байырма ханым қазақ халқы да көшпенділердің ұрпағы екенін аздап біледі екен. Ұлан-Батыр көшесінде тұрғындардан Қазақстан жайлы не білетіндерін сұрадық.

Сауалнама:

- Қазақстан туралы аз-кем білемін. Жаңа астана салды, қателеспесем. Өте әдемі, жаңа қала деп естідім.

- Мен Қазақстанның табиғаты өте әсем, адамдары кеңпейіл, бізге ұқсайды деп естідім. Жалпы бір рет болсын барсам ба деген ниетім бар.

- Қазақстанда да Шыңғыс ханды қатты құрметтейді деп естігем, қателеспесем, Жошы хан сіздердің жерлеріңізде жерленген.

«Жошы хан» тарихи романының авторы, еліміздегі белгілі жазушы Ұларбек Дәлей моңғол халқы дәл қазақ сияқты киіз туырлықты көшпелі ел болғанғандықтан, екі елдің жақындасуына тарихи себеп алғышарт болуы тиіс деп санайды.

Ұларбек Дәлей, жазушы:

- Біздің ортамызды дін және дінге байланысты кейбір салт-саналар бөліп тұрғанымен, біздің тегіміз, тамырымыз, мінезіміз, ұлттық болмысымыз көп жағынан ұп-ұқсас. Моңғолия мен Қазақстан бергі тарихта екіге бөлінгені болмаса, арғы қағанаттар кезінде, қай тарихты қарасаңыз, кешегі Шыңғыс хан ғана емес, одан әрі біртұтас ел боп келдік.

Моңғолия елінің парламентінде екі шақырылымда депутаты болған қандасымыз, Баян Өлгейден шыққан бизнесмен Дәкей Мұратұлы Моңғолияның азаматы ретінде осы пікірді құптайды.

Дәкей Мұратұлы, кәсіпкер:

- Біздің енді мына Орхоннан ары қарай Күлтегін, Білге хандардың тірі тарихы тұр. Қазақстанда жаңағы Жошы мемлекеті тұрған енді, Жошы ұлысы деп айтады. Бүгінге дейін зираты сақталған. Сонда қандай да бір күш көшпенділердің өзін сақтап тұрған қуаты болғандығын білдіреді. Сондықтан біздің мына мемлекеттік арадағы үлкен қатынасты жақсартуымыз керек. Тарихта бәріміз моңғол деп айтылып келгені болмаса, бүгінгі қазақтың тайпалары бірге болды. Енді мына келіп жатқан осы жолғы істен кейін ары қарай көп нәрсе жалғасады.

Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы орнады. 30 жылдан аса уақытта 60-тан астам екіжақты келісімдермен құжаттарға қол қойылған. Екі ел арасындағы сауда-саттық 2023 жылы 133 млн долларды құраса, биыл жыл басынан бергі 6 айдағы алыс-беріс 84 млн долларға жетіп отыр.

Пәтерлер мен тұрғын-жайларға экологиялық таза жылыту қондырғыларын қойып жүрген Қазақстан азаматы Айбол Гүзубек Моңғолиядағы кәсібін былтыр бастаған. Жаңа технология көмір пештерінсіз тоқтан қуат алатын арнайы қондырғы арқылы суды жылытады, үй-жайдың ішіне жылу береді.

Айбол Гүнзубек, кәсіпкер:

- Әкеліп жатқан өнімімізді халықтың жағдайына байланысты өте қолжетімді бағаға қазір шығарып жатырмыз. Қазіргі жағдайда 5000 моңғол отбасына жылулық, жылы суды кіргізіп жатырмыз. Ол кісілер бұрын болғанда көмірмен ыстық су жылытатын. Көмірмен жылу алатын. Қазіргі жағдайда біздің өнім арқылы мәселелерін шешті.

Марғұлан Лайла, IT КОмпанияның Data инженері:

- Қазақстанда eGov деген бар. Осы жерде E-Mongolia деген бар. Ол екеуі бірге тәжірибе алмасса, жақсы болады деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев екікүндік сапармен келгенін айта кетейік. Күн тәртібінде осы елдің басшысы Ухнаагийн Хурэлсухпен екіжақты және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіледі деп күтіліп отыр. 10-нан астам маңызды құжатқа қол қойылуы мүмкін.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов