Хабар телеарнасы

Биыл Қазақстанда 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылды

Қазақстанда өткен 9 айда 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылды. Алдағы 4 жылда оның өндірісін екі есеге арттыру жоспарланған. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен жиында айтылды. Сондай-ақ жолаушылар вагонын өзімізде шығару көзделіп отыр. Заманауи зауыт Астанада салынатын болыпты.

Машина жасау. Аталмыш бағыт бүгінде еліміздегі белді саланың біріне айналып үлгерді. Қазір секторда ірілі-ұсақты 4 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Оларда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жеңіл көліктен бөлек арнайы техника да жасалады. Мәселен, трактор мен комбайн шығаратын 8 кәсіпорын бар. Тағы 20 мекеме тіркеме мен жабдықтар жасайды. Сондай-ақ қосалқы бөлшектер өнідірісін дамыту көзделуде.

Жиында теміржол бағыты да сөз болды. Мамандар вагондар паркінің тозғанына алаңдаулы. Қолданыстағы құрамалардың 55% жаңарту қажет.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Астана қаласында 2025 жылы жаңа өндіріс Швейцарияның «Штадлер» ірі компаниясы Қазақстанда жолаушылар вагондарын өндіретін болады. Қуаттылығы 500 вагоннан асады. Қазір жұмыс істейтін Петропавл қаласында «ЗИКСТО» кәсіпорны бар. Осы зауыттың қуаттылығы 300 жолаушы вагондар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өңдеу секторын, бірінші кезекте машина жасау саласын серпінді дамыту қажет. Біздің зауыттар әлемдік стандартқа сай өнімдер шығара алады.

Сарапшылар: «Біздегі зауыттардың өндіріс барысын жаңғырту қажет»,– дейді. Әсіресе роботтандыру және автоматтандыру көрсеткіштері арттыру керек.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының төрағасы:
- Сингапурда 10 мың жұмысшыға мың роботтан келеді. Оңтүстік Кореяда 800, Германия мен Жапонияда 400, Қазақстанда жеті ғана робот. Соған қарамай біз қарапайым құрал-жабдықтар сатып алуға көп ақша жұмсаймыз. Оның орнына роботтар алған дұрыс. Әлем соған ұмтылады,

Қазір Қазақстанда 5 млн-дай жеңіл көлік бар. Жартысының қолданылғанына 20 жылдан асты. Былайша айтқанда ескірген. Екі жыл бұрын жаңа көліктерді жеңілдетілген несиемен беру бағдарламасы іске қосылған болатын.

Жоба жалғасын таба ма? деген сұрақ көтерілді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Индустрия және құрылыс министрі:

-Жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасы тоқтаған жоқ. Тек бағыты өзгерді. Қазір оған арналған қаражат жеке жеңіл көлік сатып алуға емес, қаланың қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға жаратылып жатыр. Оның игілігін көретін адам көбірек.

Дегенмен министрлік Қазақстанда құрастырылған көліктің сатылымын ұлғайтуға мүдделі. Ол үшін мемлекеттік сатып алулар кезінде өзімізде құрастырлған көліктерге басымдық берілетін болыпты. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры 2025 жылы жергілікті қамту үлесін 89% дейін ұлғайтуға міндеті.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов