Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
1. Француз Республикасының Президенті Эмманюэль Макрон мырзаның шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2024 жылғы 4 – 5 қарашада Францияға мемлекеттік сапармен барды.
2. 2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге сүйене отырып, Мемлекет басшылары екі ел арасындағы сенімді және тұрақты диалогты барлық деңгейде қолдады. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтіп, 2022 жылғы 29 – 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Парижге және 2023 жылғы 1 қарашадағы Француз Республикасы Президентінің Астанаға сапарларын жалғастыра отырып, мемлекеттер басшылары басымдықтағы мемлекетаралық қатынастарды күшейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу мақсатында оны тереңдетуге, кеңейтуге және әртараптандыруға деген өзара ұмтылыстарын растады.
3. Президенттер жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақтылыққа жәрдемдесуге ортақ бейілдігін қайта білдірді. Халықаралық құқыққа және БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына, атап айтқанда, барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық мойындалған шекараларының мызғымастығын құрметтеуге, сондай-ақ дауларды бейбіт жолмен шешуге деген бұлжымас берік ұстанымдарын атап өтті.
Украинадағы жағдайға, оның гуманитарлық салдарына, сондай-ақ әлемдік экономика мен осал елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне тигізетін әсеріне аса алаңдаушылық білдірді.
Әзербайжан мен Армения арасындағы қатынастарды қалыпына келтіруге, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтей отырып және 1991 жылғы Алматы декларациясы негізінде өңірде берік әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға мүмкіндік беретін келісімге қол қоюды жеделдетуге толық қолдау білдірді. Президенттер Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылықтың маңызын атап өтті.
Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайға, сондай-ақ БҰҰ аясындағы бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысты барлық өңірлік және халықаралық мәселелер жөнінде өзара консультацияларды тереңдетуге деген ұмтылысын білдірді.
4. Мемлекеттер басшылары бір жағынан Қазақстан мен Францияның, екінші жағынан, Қазақстан мен Еуропа Одағы және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға деген ұмтылысын атап өтті. Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы өзара байланыс саласындағы әріптестіктің аса маңызды екенін мойындап, еуропалық «Global Gateway» стратегиясын іске асыруға, сондай-ақ аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа қолдау білдірді.
5. Президенттер климаттың өзгеруіне қарсы күреске деген бейілдігін білдірді. Дүниежүзілік банк президенті мен Сауд Арабиясы Тақ мұрагерінің әріптестік бірлесуімен 2024 жылғы 3 желтоқсанда Эр-Риядта COP16 алаңында ұйымдастырылатын «One Water Summit» іс-шарасына дайындық шеңберінде Қазақстан мен Франция арасындағы шөлейттену бойынша ынтымақтастықты құптады. Аталған бірлескен бастама арқылы Қазақстан мен Франция суды тұрақты және интеграциялай отырып басқаруға қатысты нақты шешімдер әзірлеуді және жоғары деңгейде саяси тұрғыдан бірлесу ісін күшейтуді мақсат тұтады. Екі ел климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету және оған бейімделу,
азық-түлік қауіпсіздігін және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азияда бұл бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді.
Қазақстанның инновациялық көміртексіз энергия көздеріне көшуіне ықпал ететін қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі ауқымды жобасын іске асыруды құптады.
6. Қазақстан мен Франция – өзара маңызды экономикалық әріптестер. Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы жүйелі ынтымақтастық, атап айтқанда, энергетика, соның ішінде атом энергетикасы, маңызды материалдар, өнеркәсіп, көлік және аэроғарыш салаларындағы ықпалдастықтың жаңа көкжиектерін айқындаудың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қаланы тұрақты дамыту секілді салаларда жаңа әлеуетті әріптестіктерге қол жеткізудің маңыздылығымен келісті.
Цифрландыру және жасанды интеллекті саласы инновациялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін жоғары әлеуетке ие екенін атап өтіп, осы салада екіжақты ынтымақтастық нығайтылғанын атап көрсетті.
7. Франция Президенті Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздік және экономиканы көміртексіздендіру салаларындағы мақсаттарын Францияның қолдайтынын білдіріп, Қазақстанның азаматтық атом энергетикасын дамыту саласында қабылдайтын кез келген шешімдерін іске асыруға белсенді түрде жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
8. Президенттер Францияның даму агенттігінің (AFD) Қазақстандағы өкілдігінің ашылуын құптап, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар, тұрақты қалалар құру және энергетикалық көшу салаларындағы жобалар мен оларды қаржыландырудың перспективаларын атап өтті.
9. Мемлекеттер басшылары 2024 жылы Клермон-Ферранда өткен Мал шаруашылығы саммитіне Қазақстанның құрметті қонақ ретінде қатысуын құптап, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік секторлардағы ынтымақтастықты нығайтуды қанағаттанарлықпен атап өтті.
10. Президенттер денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап көрсетті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша Жаһандық коалицияға қолдау білдірді.
Екі елдің медициналық мекемелері мен оқу және зерттеу орталықтары арасындағы әріптестікті тереңдетудің маңызын атап өтті. Протон терапиясы, медициналық диагностика, жасанды интеллекті және ауруханаларды жабдықтау салаларында қол қойылған келісімдер осы негізгі сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.
11. Мемлекеттер басшылары 2024 жылғы 4 қарашада Гиме мұражайында ашылған «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесінің өткізілуіне оң баға берді. Мұражайлар мен мәдени мұралар, археология және архивтер саласында қол қойылған келісімдерді іске асыру шеңберінде екі елдің мәдени мекемелері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған жобаларды жалғастыруға қолдау білдірді. Екі елдің кинематография саласындағы ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оны одан әрі дамытуға шақырды.
12. Президенттер білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ниеттерін жеткізді. Қазақстанда француз тілін оқытуды дамыту маңызын атап өтіп, 2023 жылғы 1 қарашада Астанада қол қойылған Үкіметаралық келісім негізінде Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу жобасының ілгерілеуін құптады. Студент алмасу, кадрларды даярлау және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қолдады.
13. Мемлекеттер басшылары сапар барысында қол қойылған Реадмиссия туралы үкіметаралық келісім негізінде заңсыз көші-қонмен күреске бағытталған ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
2024 жылғы қазанда өткен «Қазақстан - Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесі барысында белгіленгендей, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мен реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздерді дайындауға одан әрі қолдау білдірді.
14. Мемлекеттер басшылары 2024 жылы Париждегі Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының, сондай-ақ 2024 жылғы қыркүйекте Астанадағы Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының табысты өткенін құптады. Алдағы қысқы және жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық мақсатында спорт және туризм саласындағы байланыстарды нығайтуға келісті.
15. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Француз Республикасының Президенті Эмманюэль Макронға ыстық ықыласы мен қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Француз Республикасының Президентін Қазақстан Республикасына сапармен келуге шақырды.