Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткенін жариялады
Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткенін жариялады. Висконсин штатындағы дауыстар есептелгеннен кейін, ол арнайы сайлаушылардың 279 дауысын иеленгені анықталды. Ал жеңіске жету үшін 270 дауыс қажет болған. Дауыс санағы ресми аяқталмағанмен, көптеген елдің басшылары Дональд Трампты құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев та Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Қазақстан Президенті қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді. Жалпы АҚШ-тағы президенттік сайлау әлем назарында болды. Себебі алпауыт елдің жаңа басшысы, АҚШ-тың сыртқы саясатына өзгеріс әкелуі мүмкін. Ал ол өзге елдерге әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда 47-ші президенттің Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасы қандай болмақ және екі елдің арасындағы байланыс өзгере ме деген сұрақтардың туындауы заңды. «АҚШ-тың сыртқы саясаттағы ұстанымдары жылдар бойы қалыптасқан. Сол себепті жаңа президенттің келуімен алпауыт елдің Орталық Азияға қатысты көзқарасы анау айтқандай өзгере қоймас»,– дейді сарапшылар. Дегенмен АҚШ-тың Орталық Азиядағы қарым-қатынасқа жаңаша қарауға бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Мәселен, көпжақты даму жобасы саналатын, Транскаспий халықаралық көлік жолы соның бірі. Бұл жоба Ақ үйдің жаңа басшысын, Орта Азиядағы елдермен қарым-қатынасын тереңдетуге ынталандырары сөзсіз.
Камран Бохари, Newline institute сараптамалық даму институтының директоры
-Жаңа президенттің келуімен айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Себебі ешқандай президент әкімшілігі қарым-қатынасты жаңадан бастамайды. Яғни сыртқы саясатта сабақтастық көп. Сол себепті, байланыстарға тың леп беру үшін стратегияны қайта қарау керек болады. Мұндай қадамға барса, қуанар едім. Бірақ іс жүзінде АҚШ саясатында ол бірден бола қоятын іс емес.