Елде асылтұқымды жылқы санын көбейту керек
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында еліміздегі жан-жақты реформалар жалғасын табатынын айтты. Бұл саладағы өзекті проблеманың бірі Қазақстанда жылқы көп болғанымен, асылтұқымды тұлпарлар аз. Елдегі 4 миллионнан астам жылқының небәрі 1% ғана асылтұқымды. Ал кейбір тұқымдар тіпті жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бүгін Президент ауыл шаруашылығы форумында осы мәселелеге де тоқталды.
Жылқыны алғаш боп қолға үйреткен қазақ үшін сәйгүліктің орны ерекше. Қазір Қазақстанда 4 млн 200 мыңнан астам жылқы бар. Жыл сайын біразы соғымға кетіп жатса да, көбейіп жатқаны қуантады. Бірақ біздегі жылқының 40 мыңы ғана асылтұқымды. «Сондықтан Қамбар ата түлігін асылдандыру ісіне баса мән берген жөн»,– дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет.
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту мақсатында елімізде арнайы заң қабылданды. Ал бүгін Президент Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Себебі саланың білікті мамандары мұны көптен бері айтып жүр. Биыл жазда Чехиядан Пржевальский жылқыларын әкелгеніміз тағы бар. Мемлекет басшысы жақында Моңғолия мен Францияға сапарлары кезінде де аталған елдердің басшыларымен жылқы жайлы әңгімелескенін айтты.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларды алаңдатқан техниканың жайына да тоқталды. Себебі елдегі тракторлар мен комбайндардың 70% астамы тозған. Ал жұрт оны өзі жаңартайын десе, ауыл шаруашылығы техникасы өте қымбат. Сол себепті Президенттің пәрменімен биыл жылдық үстемесі 5% лизинг беріле бастады.
Еркебұлан Жұмжаев, «Қазагроқаржы» АҚ төрағасының орынбасары:
-Мысалға, биыл бірінші рет біз 120 млрд теңге льготтық лизинг бағдарламасын енгіздік. Техниканы ауыл шаруашылық иелеріне беріп жатырмыз. Келесі жылға 200 млрд теңге жоспарланып отыр. Егер де осыдан 2-3 жыл бұрын қарайтын болсақ, жеңілдетілген лизингке ондай қаржы бөлінбеген.
Қазақстанда қазір ауыл шаруашылығы техникаларының бірнеше түрі шығарылады. Ал шаруалар оларды несиеге емес, өз қаржысына сатып алса, шығынның 30% Үкімет өтеп береді. Осындай жеңілдіктердің игілігін көріп отырғандар да көп. Әсіресе ірі серіктестіктер бұл мүмкіндіктерді жақсы қолданып отыр.
Асхаб Омаров, шаруа /Ақмола облысы/:
-Техника паркін біртіндеп жаңартып жатырмыз. Түрлі лизинг бағдарламалары бар. Соларды пайдаланып отырмыз. Біздің ендігі тілегіміз астығымыз жерде қалмаса екен дейміз. Себебі биыл өнім мол. Соны тиімді бағада өткізе алсақ болғаны.
Шаруалардың мұңын Президент естіп, біліп отыр. Астықтың бағасын ұстап тұру үшін Мемлекет басшысы Үкіметке бидайды шаруалардан сатып алуды тапсырды. Бірақ кәсіпкерлерге үнемі мемлекетке иек арта беруге болмайды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев өткен Жолдауында да айтты. Әсіресе субсидия дегеннен біртіндеп арылып, жеңілдетілген несиелерді көбейту қажет. Сонда шаруалар да салаға қомақты инвестиция сала алады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков