Хабар телеарнасы

2024 жылы болған қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар

Жыл басында Үкімет құрамы қайта қаралып, маңызды тағайындаулар болды. Жыл басында Олжас Бектенов Премьер-министр қызметіне келіп, Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жүрді. 4 жаңа министр қызметіне кірісті. Ал жыл соңында Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі болып қайта тағайындалды.

Әкімдер сайлауы да жалғасын тапты. Президент: «Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді», - деген еді. Биыл екі аудан әкімі - Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданы мен Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының әкімдерін халық таңдады.

Сондай-ақ биыл Қазақстан халқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты. Азаматтардың 71%, яғни 5 миллионнан астамы АЭС салуды қолдап, дауыс берді. Осылайша, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Бұл ел тарихындағы ең ірі жоба болмақ.

2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан бірқатар ірі бастамасы іске асты. Мәселен, шетелден келген тікелей инвестиция көлемі 9,8 млрд долларға дейін өсті. Көлік-логистика секторын дамытуға айрықша мән берілді. Оған бір ғана мысал - Сиань қаласында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы аясында, көлік-логистика терминалы жұмысын бастады. Бұл жүк жеткізу мерзімін қысқартып, экспортқа жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ транизиттік әлеуетті дамыту үшін елде 1,4 мың шақырым теміржол желісі жөнделді.