Президент биыл 36 күнін шетелдік сапарларға арнады
160 мың шақырым жол, шет мемлекеттерге 23 сапар мен ұшақта өткізген 36 күн. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтіп бара жатқан жылы сыртқы саясатта атқарған жұмысының сандардағы көрінісі бұл.
Мемлекет басшысы қол алысып, келіссөздер жүргізген лидерлер арасында Қазақстан жұртшылығы бұған дейін естімеген есімдер де бар. Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы қарым-қатынас өрісін кеңейтуге бағытталған қадамдарының көрінісі. Президент 23 мемлекеттен 70 маңызды келісім алып қайтты. Жақсы нәтиже.
Жыл басы Президенттің Римге сапарынан басталды. Италия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық 15 млрд долларға жеткен. Сапар Ватиканда жалғасып, Рим папасымен маңызды кездесу өтті. Діни сенім бостандығы мен конфессияаралық келісім – қазақ саясатының ажырамасы бөлігі.
Ақпанда Қазақстанның нөмір бірінші борты Дохаға келді. Қатар мемлекеті. Территориясы шағын болғанымен, әлемдегі ең бай елдердің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық берік байланыстардың жемісі сол – визасыз қатынау мен аптасына 20 тікелей әуе рейсі. Президент Қатар билігін Қазақстанның зор әлеуетіне сендіре алды, нәтижесінде 18 млрд доллардың инвестициясы келуде. Ол стратегиялық маңызы зор газ құбырлары, газ өңдеу зауыты, смарт қала мен ауыл шаруашылығына қатысты маңызды жобалар.
Сингапур. Азия жолбарысымен алыс-беріске әлемдегі мен деген мемлекеттердің барлығы мүдделі. Қазақстанмен арада 20 жыл бойына жоғарғы басшылық деңгейде бірде-бір кездесу болмапты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл олқылықты жойып, алғаш рет мемлекеттік сапармен барды.
Сингапурлық инвесторлар үшін Браун Филд маңызды. Яғни бірден пайда әкелетін дайын жобалар. ТМД елдері арасында Сингапурдың кірпияз инвесторларының тілін тапқан тек Қазақстан ғана болды.
Нұрлан Күлбатыров, QazTrade бас директорының бірініш орынбасары:
- Сингапурмен келісім жасалды. Бірінші кезекте бұл IT қызметтер экспорты болады деп ойлаймын.
Биылғы жылы біздің елмен байланысты дипломатиялық қатынастар тарихи сәттермен айшықталды. Оңтүстік Корея лидері Астанаға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Түрлі саланы қамтитын 11 маңызды келісім жасалды. Біз үшін ең маңыздысы алдыңғы қатарлы зерттеуші ғылыми оқу орындары тәжірибесінің келуі деп айтуға болады.
Корей делегациясын шығарып салып, енді шай іше бергенде Қытайдан үлкен делегация сау ете қалды. Төраға Си Цзиньпинь мемлекеттік сапармен келді. Автомобиль өндірісі, химия өнеркәсібі, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы бағытында инвестиция салмақ.
Қазақстанның Қытайға экспорты өсіп келеді. Биыл екі ел арасындағы алыс-беріс 40 млрд доллардан асып кеткен.
Мұнан соң Астанада іле шала Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды. Ұйымға төрағалық еткен Қазақстанның өзімізге де, өзгеге де оңтайлы бастамалары Астана декларациясы мен ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегияларынан көрініс тапты.
Германия бундесканцлері Олаф Шольц – неміс тарихында Орталық Азияға барған бірінші канцлер. Германия Қазақстанды стратегиялық серіктес көреді. Себебі неміс капиталының 90 пайызы шикізаттық емес секторға бағытталған. Мәселен, жасыл сутегіні дамытуға миллиардтаған инвестиция құюда.
Қарашаның басы Парижде алашапқын болды. Қазақ лидері келе жатыр, - деп ақпарат құралдары шулады. Елисей сарайындағылар азиялық қонақжай мәнерде көптен бері қонақ күтпеп еді.
Қазақ делегациясының құрметіне Франция игі жақсыларын жинап ас та төк дастархан жайды. Сарапшылар Франциялықтардың еларалық келіссөздерді жүргізудің шебері екенін атап өтті.
Айтпақшы дипломатия – француз сөзі. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік логистика және энергетика салаларында ықпалдасайық, - деп Парижден 2 млрд доллардың келісімін алып қайтты.
Қазақстанның нөмір бірінші бортын Еуропада Франциядан соң Сербия қарсы алды.
Белградтан соң Будапешт. Мажарстан астанасында қазақ басшысын айрықша күтті. Венгрия лидері қазақстанды өз үйім, - деп үнемі айтып жүретіні бар. Себебі арғы аталары қыпшақтардан кіндік тартқан бұндағы жұрт ұлы даланы өзінің атажұрты санайды. Тиісінше сәтті келіссөздер мен жарты млрд доллардың инвестициялық жобалары ықылас ілтипаттың нақты іспен бекіген нәтижесі.
Қараша айындағы маңызды оқиғалардың бірі Ресей президентінің мемлекеттік сапары мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті болды. Көрші ел делегациясымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде теміржол, көлік инфрақұрылымы, энергетика және құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықтарды қамтитын 20 келісімге қол жетті.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мұның сыртында Мемлекет басшысы түрлі халықаралық форумдар мен басқа да ғаламдық іс-шаралар аясында сапарлар жасады. Бәзбіреулер айтып жүргендей бұл жәй ғана әлем аралау емес. Бет көрсе, жүзі ұялады демекші, бетін салып, серіктестерін бері қаратудың қамы. Өтіп бара жатқан жылдың 11 айында еліміз сыртқы әлеммен 117 млрд долларға сауда саттық жасады. Президент осынша елге сапар жасамаса, бұл сандар өздігінен келе салмасы анық.
Берік Дүйсенбай