Биыл Қаңтар оқиғасына 3 жыл толды
Қаңтар оқиғасына - 3 жыл. Еліміздің жаңа тарихын дейін мен кейінге бөлген «Қасіретті қаңтар» халықтың жүрегінде қайғы, өкінішпен астасқан ауыр естеліктер қалдырғанымен, қоғамның бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығын бекемдеудегі бетбұрыстың бастауы деуге болады. Еліміздің тарих шежіресінде қанша рет қасірет пен жоғалтулар болса, сонша рет өрлеуге деген ұмтылыстардың мысалдары жатыр. Қаңтардан кейінгі 3 жыл дәл сондай мысалдардың дәлелі бола алады.
Алматылық кәсіпкер Гүлжамал Рахимова күміс әшекей бұйымдарын сатады. 10 жыл құрған тіршілігі он сағатқа жетпей күйреді. Қаңтар оқиғасы кезінде оның сауда нүктесі орналасқан Asia Park тоналды.
Гүлжамал Рахимова, кәсіпкер:
- Біз келген кезде біз жақтың іші деген енді су, су топан, бәрі де қиралып жатқан. Әйнегі жоқ. Заттардың ешқайсысы қалмады бұл жерде.
Рахат Күнтуов, Apples Kazakhstan компаниясының сервис инженері:
- Кешкі уақытта екі машина сырттан тоқтап, қолдарында темір инструменттері бар. Шығып, жаңағы біздің жабатын стеллажды сындырып, терезені шағып, сөйтіп ішке кіріп, тонай бастайды.
Алматыдағы смартфон сататын және сервистік қызмет көрсететін дүкенді әлдекімдер таңға дейін тып-типыл етіп тонап кетті. Арада айға жуық уақытта мемлекет олардың 91 млн тг шығынын толық өтеп, сынған есік терезелеріне де қойып берді. Гүлжамал Рахимова қанша шығын шеккенін айтпады, бірақ ақпанның 19-да қайта жұмысын бастады. Барлық шығыны мемлекетпен өтелді.
Ермек Келімсейіт, Жетісу облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Әкімшіліктің мекемесі быт-шыт болды. Бір 70-80 пайызға дейін қирады ғой деймін. Ол жерде тонау басталды. Кім қолына не тиеді, соны алып, әкімшіліктің ішінен тасыды.
Жетісудің бас қаласында кәсіпкерлік нысандарымен қатар мемлекеттік мекемелердің ғимараттары қирады. Жиыны 9 млрд шамасында залал келтірілді. Бірақ жыл жарым уақытта барлығы қалпына келтірілді.
Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен қалалардың бірі Тараз. 8 ғимарат қиратылып өртелді. Оның ішінде Ішкі саясат департаментінің ғимараты сәулет құрылыс ескерткіші санатына кіретін. Обалы нешік, толықтай жанып, төбесі ортасына түсті. Тараз шаһары 8 млрд тг шығын шекті.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары:
- 8 млрд теңгеге жуық қаражат. Егер мұндай жаппай тәртіпсіздік болмағанда, мәселен, 10-15 спорт нысанын салуға жарар еді. Сондай-ақ біздің қаладағы асфальтталмаған жолдарды толық асфалтьтауға жұмсалған болар еді. Болмаса, 4 мектеп салуға жетер еді. Қазір мынау жайлы мектептерді салып жатыр. Екі жайлы мектеп салуға сол қаражат жетер еді.
Қаңтар оқиғасында ең қатты зардап шеккен Алматы қаласы екені айтпаса да түсінікті. 1976 жылы іргетасы қойылған қазіргі әкімдік ғимараты сол уақытта республикадағы ең үлкен құрылыс болатын. 1980 жылы қолданысқа беріліп, Дінмұхамед Қонаев жұмыс істеген ғимарат 3 жыл бұрын түгелдей жанып кетті.
Бейбіт Шаханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Қалпына келтіру үшін жобалау жұмыстары жүрілді. Одан кейін барып жобаның ішіне қазіргі замануи технологиялар мен материалдар қолданды. Әсіресе өртке төзімді, содан кейін барып қауіпсіздігі жағынан. Соның бәріне соңғы технолгияларды қолдандық. Адам санын есептеген кезде 1,5 мың адамға дейін барды. Жаңағы құрылыс кезінде. Ал шығын жағынан жоба бойынша 17 млрд теңге жаратылды.
Қаңтар оқиғасынан кейін барлық қираған ғимараттар мен бүлінген нысандар, инфрақұрылымға келтірілген залал 2 жылға жетпей толық қалпына келтірілді. 22 жылдан бері қарайғы уақытта қоғамның бірлігі бекемделе түсті. Әр нысан мен кәсіптің, керек десеңіз, әрбір мамандықтың қадірі артты. Бұны қаралы күндерде Шымкенттегі шырғалаңның бел ортасында жүріп, басын бәйгеге тіккен Тоқтарбек Әшірбаев қуаттайды.
Тоқтарбек Әшірбаев, Шымкент қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полк командирінің орынбасары:
- Өзім офицер тарапынан әрқашанда елге қызмет еткеніме осындай полиция қызметкері болғаныма мақтан тұтамын. Оны жалғыз өзім емес, тәрбиелеп отырған бала-шағам да мақтан тұтады.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, қаңтар оқиғалары кезінде толқулар болған 9 қалада 1466 түрлі ғимараттар мен құрылыстарға шабуыл ұйымдастырылған, оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 әкімдік ғимарат және 27 полиция нысаны бар. 1395 бизнес нысаны тонаушылыққа ұшыраған, 700-ден астам көлік өртеніп, бүлінген.
Қаңтардан алатын сабақ сол, әрбір қалпына келтірілген ғимарат, әрбір бірлікке қарай жасалған қадам күшіміздің тек қана жасампаздықта екенін дәлелдеді. Президенттің сол кезде батыл әрі шұғыл шешімдер қабылдап, Үкімет пен жергілікті билікке пәрмен беруі, қираған ғимараттар, жойылған кеңістіктер мен жоғалған армандар — бәрі аяқталу емес, керісінше азаматтардың еңбегімен жазылған жаңа тараудың бастамасы екенін көрсетіп берді.
Берік Дүйсенбай, Қанат Әбілдинов