Биыл 13 мың км жол жөнделеді
Енді қыста және қолайсыз ауа райында еліміздің күре жолдарында жылдамдыққа шектеу енгізілуі мүмкін. Жуырда болған жаппай жол көлік апаттарынан кейін бұл сұрақ бүгін Үкімет деңгейінде қаралды. Жиында жолдың сапасын тексеру ісі мен биылғы құрылыс жұмыстары да пысықталды. Жоспар бойынша 2025 жылы 13 мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Айтпақшы Республикалық жолдар алдағы екі жылда 100% интернетпен қамтамасыз етілетін болды.
Бұл қаңтар айындағы көпке кеңінен таныс көрініс. Жуырда Ақмола облысында 95, Қарағанды облысында 19 көлік соқтығысты. Оның себебін әркім өзінше топшылауда. Ал жауаптылар 5-6 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Салдары ауыр апатқа үлкен жылдамдық әсер еткені анық. Сондықтан Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргідей қыс уақытында және қолайсыз ауа райында тас жолдардағы шектік жылдамдықты төмендету тәжірибесін қолдануды тапсырды. Енді Үкіметте қаралған негізгі тақырыпқа тоқталсақ. Былтыр 12 мың шақырым жол жөнделген. Биылғы жоспар 13 мың шақырымнан асады. Оның 6 мың шақырымы аудандық және ауданаралық жергілікті жолдар. Сондай-ақ 50 жылға дейін жөндеу көрмеген Петропавл – Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен –Түркіменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғас жолдары толығымен жаңғыртылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
- Қарқынды арттыра түсу қажет. Жергілікті жолдарға да баса мән беру керек. Тұрғындар жолдардың сапасына наразы. Өткен жылы азаматтардан ресми түрде осы мәселеге қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімдерді кешіктіру байқалып отыр.
Үкімет басшысы осыдан кейін биылғы жұмыстың мерзімін нақтылап берді. «Мәселен, Қарағанды-Жезқазған жолының құрылысы сәуір айында басталсын»,– деді. Ал бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде ақы алу енгізіледі.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. 2024 жылы түсім 48 млрд теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді.
Бұған дейін талай рет айтылған келесі мәселе күре жолдарды интернетпен қамтамасыз ету. Еліміз бойынша байланыс нашар 243 нүкте анықталыпты. Алдағы екі жылда сол жерлерде бағаналар орнатылады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков