Елорда тұрғындары спортқа бет бұрды
Үнемі салауатты өмір салтын ұстанып, әрдайым қимыл-қозғалыста болу қажет. Мамандар осылай дейді. Өйткені иммунитетті көтеру аса маңызды. Сонда ғана түрлі вирустан сақтануға болады. Ал осы салауатты өмір салтын ұстанып жатқандар көп пе?
Темір адам. Бұл әйгілі Тони Старк жайлы емес, бұл – ЕҰУ профессоры Рамазан Саттарұлы. Соңғы бес жылда триатлонмен айналысып келеді. Тіпті «Темір адам» атағына да ие болған екен, әуесқой марафоншы.
Рамазан Саттарұлы, әуесқой марафоншы:
- Ауыл баласы болғаннан кейін спорттың әр түрінен әмбебап болып өстік. Марафон жүгірумен, триатлонмен әуестенгеніме 4-5 жыл болды. Бірақ бұған дейін мектептегі спортпен машықтанып, армия қатарында әуе десант әскерінің арнайы күштерінде болғандықтан, содан кейін ЖОО-да жұмыс істегеннен кейін аптасына 1-2 рет спортзалға барып тұрдық.
Қазіргі әлемдік пандемия кезінде спорттың көмегі зор. Бұл жайлы параолимпиадашы Сиязбек Дәлиев те айтып отыр. Токиодағы жаһандық жарыс кейінге шегерілгенімен, спортшы жаттығуларын еш тоқтатқан емес. Қазақстандықтарды да салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Себебі шыныққан организм кез келген вирусқа төтеп бере алады.
Сиязбек Дәлиев, параолимпиададан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Қазіргі уақытта спортпен айналысу тренд болу керек деп ойлаймын. Өйткені ол біздің иммунитетімізге, денсаулығымызға әсер етеді. Спорт бізге тәрбие береді. Спортпен айналысқаннан кейін адам өзін демалып келген сияқты, күш-қуатының артқанын сезеді.
Қазір спорттық алаңдарда шынығып жүрген адамдарды көп кезіктіресің. Ересектер кіші жастағыларға үлгі көрсетіп, салауатты өмір салтын ұстануға баулиды. Енді біреулері ашық аспан астында жаттығуларын үзбей жалғастыруға ұмтылған.
Ернұр Аманбаев, жаттықтырушы:
- Коронавирусқа дейін біз залды жалға алып, сонда жаттығатынбыз. Қазір болмайды. Сондықтан далада жаттығамыз. Әрдайым денені шынықтыру қажет. Бұл өте маңызды.
Таза ауада серуен құрып, спортпен айналысқан денсаулыққа пайдалы. Бұл – ақиқат. Дегенмен салауатты өмір салтын ұстанбай, түрлі сылтау табатындар да баршылық. Қазір мүмкіндік бар кезде физикалық қимыл қозғалыста болған дұрыс.
Риат Шони, тілші:
- Спорт – денсаулық кепілі! Сондықтан иммунитетті көтеріп, салаутты өмір салтын ұстанған абзал. Әсіресе қазіргі кезде. Сарыарқаның сары аязы басталмай тұрғанда таза ауада спортпен айналысайық. Бастысы ауырмайық.
Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев, Аян Сәрсенбаев