Елорда мен Қарағандыда шаңғы жарысы өтті
Дені – әуесқой шаңғышылар. Жас мөлшеріне байланысты жарыс жолына шыққандар өздеріне тиесілі қашықтықта өнер көрсетті. Балалар жағы 1-2, ал ересектер 3-5 шақырымда бақ сынады. Шаңғының табанына қандай май жағамыз деп ойланған кәсіби спортшылар демесеңіз, былайғы жұрт ақпанның аязы болмағанына қуанды. Содан болар жеті жасар бала мен жетпістегі қарияға дейін қатысуға ниет білдірген. Алайда карантин талаптарына сәйкес артық адам қатарға қосылмады. Айта кетейік, биылғы фестиваль бұрыңғыдай қалалық емес, республикалық деңгейде ұйымдастырылды.
Дәулет Хамзин, бас төреші:
- Осындай шаңғы жарыстары аз. Сондықтан басқа аймақтардан, мысалы, Павлодар, Қарағанды, Щучинск, Степногорск, Ақкөлден хабарласқандықтан, ұйымдастырушы комитет барлығын тіркеуге шешім шығарды.
Осындай шаңғы жарысы Қарағанды облысында да өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған додаға 120-ға жуық адам қатысты. Ең көп өтініш Ақтоғай ауданының тұрғындарынан түскен. Үміткерлердің жасына шектеу қойылған жоқ. Кәсіпқой спортшылармен қатар әуесқойлар да бабы мен бағын сынады. Нәтижесінде үш шақырым қашықтықты алғаш бағындырған үштік жеңімпаз болды. Ал командалық есеп бойынша Қарағанды қаласының спортшылары көш басында. Бұл күні карантиндік шектеулерге байланысты шалғайда тұратын шаңғышылар сайысқа онлайн қатысты.
Айдар Қантеев, шаңғы спортынан жаттықтырушы:
- Телефон қондырғысында тұрақты интернет желісі болу керек. Сонымен қатар арнайы қондырғы орнатылуы керек. Жарыс басталмас бұрын қондырғыны қосып, қашықтықты жүгіріп шыққаннан кейін тоқтатып, уақытын төрешілерге жібереді. Төрешілер өз орнында ол уақыттарын қарастырып, әрбір спортшының алған орындарын белгілеп, соңынан көрсетеді.