Универсиада 2023: Қазақстан қоржынына екінші алтын түсті
Шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев орташа трамплинде ең үздік нәтиже көрсетіп Универсиада чемпионы атанды. Жерлесіміздің осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте алтыншы орынға көтерілді.
Кейде жүлде біз күтпеген жақтан да келіп қалады. Әдетте қанатты шаңғышыларымыз мықтыларды маңайлай алмай жүретін. Данил Васильевке ерекше қанат бітіп алысқа самғады. Австрияның екі бірдей спортшысын артқа тастаған жерлесіміз Универсиада чемпионы атанды. «Студенттер спортына жасалған қолдаудың арқасында қыз-жігіттеріміздің жеңіске деген жігері арта түсті» — дейді мамандар.
Гүлбарам Құлахметова, FISU білім комитетінің мүшесі, ҚР Студенттер спорт одағының директоры:
-Осы 31-ші Универсиадаға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы өзі келіп спортшыларымызға керемет шабыт беріп кетті. Тек қана Универсиада емес кез келген байрақты бәсекелерде жүлде алған спортшыларымызға министрлік тарапынан гранттар бөлінетінін және де тағы да басқа қолдау көрсетілетінін айтып кетті.
Биатлоннан аралас эстафетада бапкерлер Александр Мухин мен Арина Крюковаға сенім артыпты. Тәжірибелі деген Мухин бұл жолы да мүлт кетті. Рас, шаңғымен жүгіргенде алдына жан салған жоқ. Бірақ ату айлағына келгенде қолы дірілдеп мергендік таныта алмады. Керісінше Арина тәуір атты. Бір ғана оғы қисық ұшты демесеңіз, қалған кезде нысананы дәл көздеді. Осылайша біздің жерлестер жүлдеге бір табан жетпей 4-ші сатыға тұрақтады. Конькиші жігіттер 5 мың метрге жарысты. Бұл енді нағыз мықтылардың сайысы. Өйткені кез келген конькиші ұзақ қашықтыққа жүгіре бермейді. Қазақ ұлдарының да коньки тебе алатынын Бағдәулет дәлелдеді.
Бағдәулет Сағатов, конькиші:
-Медеумен бірдей десем де болады мұзы. Жақсы. Алдымызда әлі 4 күн бар. 4 қашықтық жүгіремін. Орын алуға мүмкіндіктер бар әлі. Барымды салып, күшімді салып орын алуға тырысамын. Бүгінгі 5-орын алдым. Үшінші орынға бір 4 секундтай жетпеді.
Хоккейшілеріміздің қарқыны күшті. Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері қарсыластарына бет қаратар емес. Корея мен Венгрия және Британия құрамасын ірі есеппен ұтқан біздің жігіттер азулы деген Словакияны да сан соқтырды. Есеп 4:0. Енді Қазақстан құрамасы америкалықтармен айдынға шығады.
Авторы: Жандос Айтбайұлы