Жас хоккейшілер елге оралды
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы жалғасуда. Керлинг шеберлерінің аралас жұп сайысында Мерей мен Ибрагим Тастемірлер жарыстың басты фавориттері Швейцария құрамасымен кездесіп, 1:9 есебімен ұтылып қалды.
Шаңғышы ұл-қыздарымызға да жүлде бұйырған жоқ. Спринтте тек Берік Боранбаев ғана ширек финалға дейін шыға алды. Ал Әубәкір Тотанов пен Виолетта Митропольская және Милана Мамедовалар іріктеуден аса алмады. Әзірше Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қола медальмен 17 сатыда келеді. Канвондағы жүлдегерлердің алды елге оралды.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Аустрияны жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізген жас хоккейшілерімізді Астана әуежайынан жанкүйерлер мен туған-туыстары құшақ жая қарсы алды. Ел ертеңіне баланған жас өрендеріміз тамаша жеңісімен ғана емес, Канвон төрінде Әнұранымызды құйқылжыта шырқап, елге, жерге деген патриоттық сезімдерімен қуантты.
Қыруар қаржы жұмсап шетелден ойыншы шақыртқанша осы қаракөздерге мүмкіндік берсек, Барыстың да болашағы жарқын болмақ.