Қонаев қаласында муай-тай мықтылары бас қосты
Муай-тайдан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Алматы облысының біріншілігі алғаш рет Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Тай бокстың қыр-сырын әбден зерттеп алған жас өрендер қарсыластан қаймығуды білмейді. Қимылдары ширақ. Жұдырық пен шынтақты, тіпті тізе соққыларын да тиімді пайдаланады. Әсіресе Әдия Ізбасханның шеберлігіне көпшілік тәнті болды. Ол 42 келі салмақта чемпион атанса, жасөспірімдер арасында ел чемпионы Игорь Коваленко 71 келіде өзіне тең келер қарсылас таппады.
Әдия Ізбасхан, муай-тайдан Қазақстанның бес дүркін чемпионы:
- Жылдан жылға қыздар көбейіп келе жатыр. Бұрын 4-5 қыз болатын. Ал қазір 10 астам қыз болады бір клубта. Және де қыздардың бұл спортқа деген қызығушылығы артып жатыр.
Облыста оза шапқандар наурыз айында Алматыда болатын республика чемпионатына қатысады.